ТҮРКІСТАН: Жетісайда "Көрісу күні" мерекелік шарасы өтті

0
3 363

Жетісайда"Көрісу күні" күні атап өтіліп, мерекелік шарада аудандағы түрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдері бір-біріне деген ізгі ниеттерін білдірісіп, елдегі бірлік пен ынтымақтың ғұмырлы болуын тіледі.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда

Жетісай қаласының орталық алаңында өткен «Көрісу күні» мерекелік шарасына оқу орындарының студенттері мен түрлі этнос өкілдері қатысты деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Жетісай аудандық Ішкі саясат пен аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің, аудандық «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Көрісу күні» аталып өтті. Алаңға жиналған аудандағы түрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдері бір-біріне деген ізгі ниеттерін білдірісіп, елдегі бірлік пен ынтымақтың ғұмырлы болуын тіледі.

«Бүгінгі мереке баршаңызға құтты болсын! Бұл күн – елдегі берекені арттырып, халықтар арасындағы достықты нығайтатын, ренжіскендер татуласып, төс қағыстыратын, бір-бірімізге тәтті дәм ұсынып, дастарханымызды батаға толтыратын күн. Осындай бейбіт күнде мереке тойлауымызда Елбасымыздың еңбегі орасан»,- деген Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков елдегі, аудандағы атқарылып жатқан бірқатар игілікті істердің барысымен таныстырды.

Сонымен қатар, салтанатты шара барысында келген қонақтарға ақ дастарханнан дәм ұсынылып, қазақы бауырсақ пен көже ұсынылды. Бір-бірімен төс қағыстырып, жақсы тілектер тілесті.

Салтанатты шараның соңы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласып, патриоттық әндер шырқалды. Ел ағалары бүгінгі күннің қадір-қасиеті мен тәрбиелік мәні туралы өнегелі әңгімелер айтып, баталарын берісті.