​ТҮРКІСТАН: Жетісайда жаңа қоғамдық кеңес жұмысын бастады

0
1 645

Жиынға тек әкелер шақырылып, басқосу соңында психологиялық тренинг өткізілді.


​ТҮРКІСТАН: Жетісайда жаңа қоғамдық кеңес жұмысын бастады

Жетісай ауданында өз жұмысын бастаған “Әкелер мектебі” қоғамдық кеңесі “Тұран” мектеп-гимназиясында алғашқы жиынын өткізді деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Жетісай ауданында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен аудандық ардагерлер ұйымының жанынан құрылған “Әкелер мектебі” қоғамдық кеңесі алғашқы жиынын 1100 шәкірті бар Жетісай қаласындағы “Тұран” мектеп-гимназиясынан бастады.

“Отбасындағы әкенің рөлі” тақырыбында өткен жиынға аудандық “Әкелер мектебі” қоғамдық кеңесінің төрағасы Тұрар Сәрсекбаев, аудандық білім бөлімінің әдіскері Бауыржан Кеттебеков пен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде жастар арасындағы әлімжеттік, ұрлық, бопсалау сынды қылмыстармен қатар түнгі уақыттарда үлкендердің қатысуынсыз көшелерде жүрмеу, аутодеструктивті әрекеттерге бармау, темекі, есірткі, спиртті ішімдік сынды адамды ақыл-есінен айыратын уытқұмарлықтың алдын алу, отбасы құндылықтарын тереңінен ұғындыру секілді мәселелер кеңінен сөз болды. Жаңадан құрылған қоғамдық кеңестің атқаратын жұмыстары мен ережелері түсіндірілді.

Өз кезегінде мектеп оқушылары қазақы тәрбие беруде әкелердің рөлі мен қадір-қасиеті жайында театрландырылған көріністер қойып, пікірталастар ұйымдастырды. Концерттік бағдарламаларын ұсынды. Жиын барысында қатысушылар күн тәртібіндегі тақырыптарға байланысты ой-пікірлерін ортаға салып, ашық әңгіме өрбітті.

“Мұндай жиындар алдағы уақытта аудандағы барлық мектептер мен арнаулы орта, жоғарғы оқу орындарында өтетін болады. Өйткені, жасыратыны жоқ бүгінде отбасындағы әкенің рөлі төмендеп, тәрбие беруде олқылықтар кетіп жатыр. Біз осы қоғамдық кеңес арқылы білім ошақтарындағы әкелермен тығыз байланыс орнатып, жіберіп алған кемшіліктерімізді түзеп, перзент тәрбиесіндегі әдіс-тәсілдерімізбен бөлісіп, пысықтайтын боламыз”, - дейді “Әкелер мектебі” қоғамдық кеңесінің төрағасы, ардагер ұстаз Тұрар Сәрсекбаев.

Аталмыш жиынның айта кетер ерекшелігі – басқосуға мектеп-гимназия қабырғасында білім алатын оқушылардың тек әкелері шақырылып, басқосу соңында психологиялық тренинг өткізілді.