ТҮРКІСТАН: Жетісайлық азамат әлемнің 17 елінің «ҚҰРМЕТТІ ЖАЗУШЫСЫ» атанған

0
2 951

Ресей елінің «Алтын қалам» Ұлттық конкурсының алғашқы жеңімпазы атанған жетісайлық азамат халықаралық «Жыл жазушысы» номинациясының да алғашқы иегерлерінің бірі.


ТҮРКІСТАН: Жетісайлық азамат әлемнің 17 елінің «ҚҰРМЕТТІ ЖАЗУШЫСЫ» атанған

Жетісайдың топырағынан түлеп ұшқан Бақытқожа Рүстемов әлемнің 17 елінің «Құрметті жазушысы» атанған деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бақытқожа Төлегенұлы Рүстемов 1952-жылдың 22-желтоқсанында қарапайым отбасында өмірге келген. Әкесі Төлеген де, анасы Жәмилә да ұстаздық еткен педагогтар болған.
Жанұяда 10 перзенттің екіншісі болғандықтан барлық іні-қарындастарына қамқорлық жасап, еңбекке ерте араласқан ол 1969 – 1974 жылдар аралығында Жетісай қаласындағы № 21 автобазада автослесарь-жұмысшы болып еңбек еткен. Автобазада еңбек ете жүріп 1971 – 1973 жылдары әскери борышын өтеп, партия қатарына өткен. Бақытқожа Төлегенұлы еңбек жолында облыстық партия ұйымының хатшысы, облыстық қаржы бөлімінде, ОБЛКРУ-да, облыстық комсомол ұйымдарында, облыстық атқару комитетінде, Шымкент қалалық әкімшілігінде бөлім меңгерушісі секілді жауапты қызметтерді атқарып, Шымкент қаласының депутаты болып та сайланған. С.Жандосов пен С.Терещенко сынды облыс басшыларының көмекшісі болған.

Кеңес үкіметі тараған соң Алматы қалалық салық комитетінде, республикалық салық департаментінде, республиканың Қаржы министрлігінде жауапты қызметтерде болса, кейіннен Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация министрінің кеңесшісі қызметінде жүрді. Көп жылдар бойына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың аппаратында жауапты қызметтерде болған. Жетісайдан Президент Әкімшілігіне дейінгі қызмет сатысымен өскен жалғыз азамат саналатын Бақытқожа Төлегенұлы жауапты қызметтер атқара жүріп 30-дан астам кітап жазған.
Кітаптары бүгінде Жетісай ауданымен қатар Түркістан, Қызылорда облыстық кітапханалары мен ұлттық мұражай, АҚШ конгресінің, Ресей, Қытай, Азия және Еуропа, Африка елдері кітапхаларының төрінен орын алған жетісайлық Бақытқожа АҚШ, Ресей, Қытай, Африка, Катар, Сауд Арабиясы, Индонезия, Иран, Польша, Пәкістан, Вьетнам, Куба, Кувейт, Латын Америкасы, Украина мен Белорусия сынды әлемнің 17 елінің «Құрметті жазушысы» атанған.

Ресей елінің «Алтын қалам» Ұлттық конкурсының алғашқы жеңімпазы атанған жетісайлық азамат халықаралық «Жыл жазушысы» номинациясының да алғашқы иегерлерінің бірі.
Еліміздің оңтүстік бөлігінің қиыр оңтүстігі саналатын шағын шаһардан шыққан қарапайым қазақ баласының еңбегін орыс ақыны Григорий Шишов «Бахыт Рустемов – гордость тюркских народов» - деп бағалаған. 2018-жылы 66 жасында Бақытқожа Рүстемов Мәскеу қаласында өткен халықаралық жазушылар съезінде Еуропа мен Азия халықтары Ассамблеясы әдебиет кеңесінің тең төрағасы болып сайланған.
Сонау 1990 – 2000 жылдардағы қиын-қыстау кезеңдерде елді тонап, озбырлық көрсеткен 11 қылмыскердің құрықталып, темір торға тоғытылуына атсалысқан Бақытқожа Төлегенұлының ерлігі ескеріліп Ресейдің «За мужество» орденімен, еліміздің «Ұлт мақтанышы» медалімен марапатталған.
Тағы бір ерекше атап өтер жәйт – Рүстемов Бақытқожа Төлегенұлы 2011-жылы Сауд Арабиясы королінің шақыртуымен араб еліне барып, «Біріккен Араб Әмірлігінің Құрметті қонағы» куәлігін алған. Өмірінің соңына дейін кез-келген уақытта отбасымен Араб Әмірлігінің территориясына корольдің есебінен келіп-кету, қанша уақыт болса да құрметті қонақ болу құқын беретін мұндай куәлік Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтан кейінгі елімізде қол жеткізген екінші азамат.