​ТҮРКІСТАН: Жетісайлықтар С.Қожановтың мерей тойын атап өтті

0
1 811

Ұлт жанашыры С.Қожановтың бюстіне гүл шоқтары қойылды.


​ТҮРКІСТАН: Жетісайлықтар С.Қожановтың мерей тойын атап өтті

Жетісай ауданының тұрғындары қоғам қайраткері С.Қожановтың 125 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Ш.Ділдәбеков ауылдық округінде орналасқан «С.Қожанов» атындағы жалпы орта мектепте өткен әдеби-танымдық іс-шараға Жетісай аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиев пен ардагер ұстаздар, жергілікті тұрғындар қатысты. Қонақтар алдымен мектеп оқушылары мен ұстаздары дайындаған «Алаш ардақтылары» атты көрмені тамашалап, шараның салтанатты ашылуында қоғам қайраткері, публицист С.Қожановтың еңбектерімен, өмірбаянымен, шығармашылық жұмыстарымен жұртшылықты таныстырды. Мектеп ауласында орналасқан ұлт жанашырының бюстіне гүл шоқтарын қойды.

«Бүгінгі ұрпақ, мамыражай заман үшін сонау қиын-қыстау замандарда өз өмірін қатерге тігіп, ұлтының болашағы үшін солақай саясатқа қасқая қарсы тұрған Сұлтанбек Қожановтың есімі ардақты. Ол кісінің арпалыспен өткен өмірінің әрбір сәтінен, ұлтжандылыққа толы әрбір шығармасынан біз өнеге, ғибрат алуымыз керек. Елім деген ерінің есімін ұлықтаған сіздерге көптен-көп алғыс айтамыз», деген аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиев мектеп директорын С.Қожановтың 125 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапаттады.

Сонымен қатар, салтанатты шара барысында мектеп оқушылары қоғам қайраткерлерінің өмірінен театрландырылған көріністер қойып, өлеңдерін оқыды. Өз шығармаларынан арнаулар оқып, патриоттық әндер шырқады. Жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.