Облыс әкімі Оңтүстік Кореядан арнайы келген делегацияға алғысын білдірді.
Түркістан облысында жасанды интеллект технологияларын дамытуда Корея ғалымдарымен әріптестік орнатылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Woosong Education Foundation» білім беру қорының құрметті төрағасы Ким Сонг Кёнгті қабылдады. Кездесу барысында қос тарап әріптестікті нығайту, жаңадан жұмысын бастаған «Woosong University Kazakhstan» университетінің жұмысын үйлестіру бағытында пікір алмасты. Облыс әкімі Оңтүстік Кореядан арнайы келген делегацияға алғысын білдірді.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында елімізді толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру бастамасын көтерді. Жолдаудағы міндеттерді орындауда Корея ғалымдарын бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз. Бүгінде Түркістанда халықаралық деңгейдегі «Woosong University Kazakhstan» университеті ашылып, заманауи бағыттағы кадрлар даярлауға кірістік. Біз үрдісті жандандырып, IT, цифрлық технология, жасанды интеллект, жасыл экономика салаларында бірлескен жобалар жасауды көздеп отырмыз. Вусонг университетінің ғылыми, зияткерлік және технологиялық әлеуетін Түркістан облысының дамуына бағыттап, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп, кәсіпкерлік, білім беру және денсаулық сақтау салаларында жасанды интеллектке негізделген шешімдерді енгізу арқылы өңірлік деңгейде тиімді нәтижелерге қол жеткізгіміз келеді. Осы бағытта бірлесе ІТ платформа әзірлеуге шақырамыз. Аталған бағыттар бойынша жұмысты бастауға қолдау білдірсеңіз, біз бірлескен жобаларды әзірлеуге дайынбыз. Бүгін біз Түркістан төрінде Қазақстан мен Кореяның арасындағы достық пен сенімге негізделген стратегиялық әріптестіктің жаңа парағын ашып отырмыз. Мемлекеттерімізді тарихи сабақтастық, экономикалық байланыс, ең бастысы – болашаққа деген ортақ көзқарас біріктіреді, – деді Нұралхан Көшеров.
«Woosong Education Foundation» білім беру қорының құрметті төрағасы Ким Сонг Кён Түркістандағы бірлескен университет қос мемлекет арасындағы алтын көпірге айналатынын жеткізді. Осы бастаманы қысқа мерзімде жүзеге асыруға қолдау көрсеткен облыс әкіміне ризашылығын білдірді.
– Түркістандағы оқу ордасы қысқа мерзімде дайын болып, студенттерді қабылдап үлгерді. Студенттермен кездестім, талантты, білімді жастар жиналыпты. Біз осы жастарға сапалы білім беріп, көшбасшылар әзірлеуге күш саламыз. Сонымен бірге «Алмасу бағдарламасы» аясында студенттердің Кореяда білім алуына мүмкіндік беріледі. Қазіргі таңда Кореяның жүзге жуық студенті Түркістанда жүр. Олар бір ай білім алып, тәжірибе алмасады. Оқытушы-профессорларымыз да жұмысын бастап кетті, – деді ол.
Айта кетейік, «WOOSONG KAZAKHSTAN UNIVERSITY» оқу ордасының ресми ашылу салтанаты 25 қыркүйекте өтеді.