Түркістанда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған іс-шара өтті

0
740

Іс-шара ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.


Түркістанда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған іс-шара өтті

Түркістанда «Тіл ғұмыры – ұлт ғұмыры» атты мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының орталығында «Тіл ғұмыры – ұлт ғұмыры» атты мерекелік шара өтті. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған шара ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Мерекелік шара әрмен қарай «Фараб» облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жалғасты. Зиялы қауым өкілдері мен облыстағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары, шараға қатысушы құрметті қонақтар арнайы жасақталған көрмені тамашалады. Аталмыш көрме облысымызда қызмет атқаратын 11 этномәдени бірлестіктерінің тілі, мәдениеті, салт-дәстүріне байланысты ұйымдастырылған.


Салтанатты жиынды Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев ашып беріп, құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің маңыздылығы мен еліміздегі жүзеге асырылып жатқан тіл саясатына, өңірімізде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.


«Биыл тілдерді оқыту орталықтарында 3 мыңнан аса талапкер мемлекеттік тілді оқуда. Оның500-ден астамы — өзге этнос өкілдері. Бүгінде этномәдени бірлестіктер жанындағы жексенбілік мектептерде тыңдаушылар өз ана тілдері мен төл мәдениетін үйренуде. Олай болса, Қазақстанда тұратын әрбір этнос өкілінің мемлекеттік тілді білуге деген ұмтылысын арттыру – біздің міндетіміз. Ал, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйренуге ынталы азаматтар үшін облыс аумағында тілдерді тегін оқытатын 17 орталық жұмыс жүргізуде», – деген басқарма басшысы облыстағы тіл жанашырлары мен осы салада еңбегі елеулі азаматтарға Тіл комитетінің Құрмет грамотасы мен алғыс хатын, облыстық мәдениет басқармасының алғыс хатын тапсырды.


Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, әрбір этнос өкілінің мемлекеттік тілді білуге деген ұмтылысын арттыру, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы аясында оның еңбектерін дәріптеу, кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған жиынмерекелік концертке ұласты. Облыстағы өнер жұлдыздарымен қатар, түрлі этнос өкілдері өнер көрсетіп, қазақ тілінде өлең оқып, ән шырқады.


Еске сала кетейік,бұл мерекеАлаш арысы, қазақ әліпбиінің негізін салушы ғалым, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен байланысты жыл сайын аталып өтіледі.