Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармония өнер ұжымы жылды сәтті қорытындылап, келер жылы ауқымды концерттік жобаларын көрерменге ұсынатын болады.
Түркістанда Ш.Қалдаяқовтың 95 жылдығына және Өнер ордасының жылдық қорытындысына арналған «Ән аға-жан аға» атты Гала-концерт өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облыстық Мәдениет басқармасына қарасты Ш. Қалдаяқов атындағы филармония өнер шеберлерінің кезекті Ш.Қалдаяқовтың 95 жылдығына және Өнер ордасының жылдық қорытындысына арналған «Ән аға-жан аға» атты Гала-концерті өтті.
Фойеде «Тұмар» этно-фольклорлық ансамблі Шәмші әндерін әуеніне қосып көрерменді қарсы алды. Сондай-ақ әнсүйер қауым Шәмшінің өзі қолданған бұйымдарын арнайы әзірленген музейден тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Фуршет дастарханынан Шәмші ауылынан келген құрт, ірімшіктен ауыз тиіп, поно-тақтайшалары арқылы Шәмші Қалдаяқовтың ел аузында жүрген әндерінің шығу тарихынан хабардар болды.
«Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өткен кеште филармония өнер шеберлерінің орындауында Шәмшінің таңдаулы әндері шырқалды. Ән падишасының өмірі мен шығармашылығына арналған бейне роликтер лэд экран арқылы көрерменге көрсетілді.
Концерттің шымылдығын Филармонияның дәстүрлі әншілері «Отырардағы той» әнімен ашты. Өнерпаздарды 23 жылдық тарихы бар «Сүгір» атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестр, «Алаш» вокалды аспаптар ансамблі, «Тұмар» этно фольклорлық ансамблі сүйемелдеді. Сонымен қатар кеште «Фараб», «Ғасыр» би ансамбльдері өнер көрсетті.
Кеште ҚР Ерен еңбегі үшін медалінің иегерлері Наркенже Серікбаева, Хадиша Сейітова, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Айдар Тұрғанбек, халықаралық байқаулардың жеңімпазы «Сарын» тобы және филармонияның өзге де талантты өнер майталмандары өнер көрсетті.
Айта кетсек, Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармония өнер ұжымы жылды сәтті қорытындылап, келер жылы ауқымды концерттік жобаларын көрерменге ұсынатын болады.


