Түркістанда бала құқығын қорғау және зорлық-зомбылыққа қарсы шаралар толқыланады

0
706

Нақты ұсыныс-пікірлер ортаға салынбақ.


Түркістанда бала құқығын қорғау және зорлық-зомбылыққа қарсы шаралар толқыланады

Түркістанда бала құқығын қорғау және зорлық-зомбылыққа қарсы шаралар талқыланбақ, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Күні кеше ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиевамен кездесті. Бұл туралы министр ресми парақшасына жариялап, кездесу барысында бала құқықтарын қорғау, қоғамдағы балаларға қатысты қатыгездікті болдырмау бойынша кеңінен ақпараттық жұмыстарды жүргізу мәселелері талқыланғанын мәлімдеді.


"Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда бала құқығын қорғауға және өскелең ұрпақ тәрбиесіне қатысты бірнеше маңызды мәселе көтергені белгілі. Ақпараттық кеңістік балалардың рухани-адамгершілік және құқықтық мәдениетін қалыптастырудың маңызды факторларының бірі. Сондықтан біздің басты міндетіміз – бала құқығын қорғау шаралары мен тетіктері туралы кеңінен ақпарат беру", -делінген министр жазбасында.


Сондай-ақ, министр баспасөз құралдарында бала құқықтарын қорғау мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шаралар қабылданып жатқанын жеткізді. Сонымен бірге, осы уақытқа дейін дейін халықаралық сарапшылардың және БАҚ өкілдерінің қатысуымен медиа-этика және балалардың құқығын қорғау тақырыбында кездесулер өткізіліп, нәтижесінде арнайы ұсынымдар әзірленген. Одан бөлек, министрліктің бастамасымен Қазақстандағы балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі арнайы нұсқаулық дайындалған.


Министрдің сөзіне сүйенсек, таяуда Түркістан облысында мемлекеттік органдардың, сарапшылардың, БАҚ өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізу жоспарланып отыр. Онда бұл мәселе бойынша нақты ұсыныс-пікірлер ортаға салынбақ.


"Бүгінгі кездесу аталған жиынның алдындағы кеңесу іспетті. Бұл бағытта Динара Болатқызымен алдағы уақытта да жүйелі түрде бірлесе жұмыс істей береміз деп сенеміз", - дейді министр.