Түркістан қаласы жаңа жыл қарсаңында ерекше сәнге бөленіп, түрлі жарықшамдармен көмкерілді.
Түркістан қаласындағы Әкімшілік-іскерлік орталығы алаңында орнатылған бас шыршаның шамы жағылып, мерекелік кеш ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістанда Жаңа жыл мерекесіне орай «Жарқыра, Жаңа жыл шыршасы!» салтанатты іс-шарасы өтті. Түркістан қаласындағы Әкімшілік-іскерлік орталығы алаңында орнатылған бас шыршаның шамы жағылып, мерекелік кеш ұйымдастырылды.
Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жиналған жұртшылықты келе жатқан жаңа 2026 жылмен құттықтады.
– Сіздерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз тағы бір белесті еңсеріп, күнтізбеде жаңа жылдың бетін айқара ашқалы отыр. Әрине тарихта әрбір жылдың орны ерекше. Әсіресе, біз үшін қастерлі саналатын жылқы жылын еліміз береке мен жетістіктер жылы деп санайды. Сондықтан, біз алдағы жылдан толайым табыстар, барлық саладан жетістіктер күтеміз. Өтіп бара жатқан жыл Қазақстан, оның ішінде Түркістан облысы үшін жарқын жетістіктерге толы болды. Мемлекет басшысының бастамасымен арнайы заң қабылданып, Түркістанға ерекше мәртебе берілді. Өңірдің барлық саласы бойынша өсу байқалып, алдыңғы қатарлы облыстар сапынан бой көрсеттік. Облыс орталығы ғана емес, өңірдің барлық аудан, қалалары дамудың жаңа белесіне көтерілді. Мұның бәрі елдің игілігі, халықтың қамы үшін жасалған жұмыстардың оң нәтижесі. Жаңа жыл – көңілді әрі ерекше мереке. Әсіресе, осындағы балақайлар үшін бүгінгі мерекенің орны айрықша. Осы балаларымыз аман болып, бақытқа кенеле берсін. Баршаңызды жаңа жылмен құттықтай отырып, молшылық, бақыт, табыс тілеймін! – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Мерекелік кеште Аяз Ата мен Ақшақар, ертегі кейіпкерлері өнер көрсетіп, балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Шырша жағу рәсімі жаңа жылдық отшашуға ұласты. Мерекелік шарада елімізге танымал өнер жұлдыздары: Зарина Омарова, Жігер Ауыпбаев, Асқар Жүнісбеков және Түркістан қаласының өнерпаздары өнер көрсетіп, әннен шашу шашты.
Түркістан қаласы жаңа жыл қарсаңында ерекше сәнге бөленіп, түрлі жарықшамдармен көмкерілді.
Айта кетейік, Түркістан облысында жаңа жылдық безендірулерге мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінбеген.


