ERNUR.KZ. Түркістан қаласының әйелдер алқасының төрайымы «Би ханшайымы» ретінде елге танылған Ұлжан Абенқызы бүгін Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады. Ол сайлау учаскесіне келіп, азаматтық борышын орындады. Ұлжан Абенқызы ел өміріндегі маңызды саяси науқанға әр азаматтың белсенді қатысуы маңызды екенін атап өтті.
«Бүгін – әр азамат өз таңдауын жасайтын маңызды күн. Сайлауға қатысу – өз пікіріңді білдіру ғана емес, елдің ертеңіне деген жауапкершілігіңді таныту. Сондықтан барша азаматтарды өз таңдауына бейжай қарамауға шақырамын. Ел тарихында алғаш рет өтіп жатқан Құрылтайдың басты құндылығының бірі – азаматтардың ортақ іске қатыстылығын сезіндіру. «Менің дауысым маңызды», «Менің пікірім ел болашағына әсер етеді» деген түсінік қоғамда берік орныққан сайын азаматтық белсенділік те арта түседі. Бұл өз кезегінде жауапты қоғам қалыптастыруға ықпал етеді», – деді Ұлжан Абенқызы.
Түркістан қаласы бойынша 136 602 тұрғын дауыс беру учаскелеріне тіркелген. Осы мақсатта шаһардағы 68 сайлау учаскесі таңғы сағат 7:00-ден кешкі 20:00-ге жұмыс істейді. Қазір сайлау орындарын дауыс беруге келген халықтың қарасы қалың.


