Бүгінгі күнге дейін аталған электронды жүйеде 1571 педагог пен техникалық қызметкердің бос жұмыс орындары туралы хабарлама жарияланған.
Түркістан облысының барлық мектептеріне jumys.sitcen.kz порталы арқылы қатардағы қызметкерлер мен педагогтарды жұмысқа қабылдаудың автоматтандырылған жүйесі ендірілген. Аталған жүйе жалпы орта білім беру ұйымдары педагогтарын жұмысқа қабылдауды және мектеп директорларын конкурстық тағайындау барысын автоматтандырады, деп хабарлайды ERNUR.KZ облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ, білім ұйымдарындағы техникалық қызметкерлердің бос орындары жайлы хабарламалар орналастырылған. Бүгін бұл туралы Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте білім басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова мәлімдеді.
Оның айтуынша, бүгінгі күнге дейін аталған электронды жүйеде 1571 педагог пен техникалық қызметкердің бос жұмыс орындары туралы хабарлама жарияланған.
«Қазіргі таңда jumys.sitcen.kz порталы арқылы 837 адам жұмысқа орналасқан. Жүйеге жалпы жұмыс іздеушілер тарапынан қызығушылық танытып, бүгінгі күні 62 778 қолданушы тіркеліп отыр. Сондай-ақ, 4632 жұмысқа қабылдау туралы өтініш келіп түскен. Сонымен қатар, 2019 жылдан бастап дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттарына қабылдау mektep.sitcen.kz порталы арқылы жүзеге асырылатын болады. Аталған жүйеде мектепке қабылдау конкурсын өткізу толық автоматтандырылған», - деді Ардақ Мәдіханқызы.
Айта кетерлігі, ата-ана өзінің баласын портал арқылы кез-келген дарынды балаларға арналған мектепке конкурсқа қатыстыра алады және порталдағы онлайн тестілеуден жоғары балл алған бала мектепке қабылданады.
Сонымен қатар, облыстағы мектептер «Bilimland» цифрлық білім беру ресурстарымен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылдап бастап күні бүгінге дейін 594 000 сабақ қаралымы болды. Облыстық бюджеттен цифрлық білім беру ресурстарымен қамтамасыз ету мақсатында 1500 дана «Bilim Book» компьютер-планшет шалғай ауылдағы 195 мектепке таратылып, цифрлық білім беру ресурстарына интернетсіз қол жеткізуде.
Сондай-ақ, алдағы жылы Түркістан облысының білім саласында педагогтардың аттестациясын және олардың білім жетілдіру курстарынан өтуін автоматтандыру, білім ұйымдарындағы кітап қорын пайдалануды және оқушылардың ыстық тамақпен қамтылуын автоматтандыру жүйелері жүзеге асады деп жоспарлануда.
Аталған жоба білім саласындағы сыбайластық заңбұзушылықты тоқтататуға үлкен серпін береді.