Түркістанда дәстүрлі «Ясауитану-2025» байқауы өтті

0
328

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы ұйымдастырды


Түркістанда дәстүрлі «Ясауитану-2025» байқауы өтті

Түркістанда «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасындағы дәстүрлі «Ясауитану-2025» байқауы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Байқауды «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығы директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев және Түркістан қалалық маслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбайұлы ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.


Еліміздің барлық облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларынан облыстық, қалалық іріктеуден өткен 71 оқушы қатысқан оқушылар арасындағы білім бәйгесіне «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Светқали Нұржан, филология ғылымдарының кандидаты Болат Қорғанбек, Ясауитану ғылыми орталығының жетекшісі - Сайпулла Моллақанағатұлы, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті «Ясауитану» ғылыми зерттеу орталығының басшысы, PhD философия докторы, қауымдастырылған профессор Бауыржан Сайфунов қазылық етті.


Байқаудың мақсаты қазақ халқының рухани тұтастығын қалыптастырған Қожа Ахмет Ясауидің артында қалған телегей теңіз рухани мұраларын насихаттау арқылы өскелең ұрпақты ұлы баба мұрасын терең меңгеріп, зерттеуге ынталандыру, жас өркеннің интеллектуалдық пайым-парасатын арттыру, Түркістанда жерленген тарихи тұлғалардың қазақ мемлекетін қалыптастырудағы орны мен рөлін және тарихи-мәдени ескерткіштерді, ортағасырлық Әмір Темір дәуірінен жеткен құнды мұраларды кеңінен насихаттау.


Қатысушылар «Ясауи мұрасы – балаға аманат», «Білімді мыңды жығар алысқанда», «Ой жүйрік» атты үш кезең бойынша өзара сайысқа түсті.


Байқау нәтижесі бойынша бас жүлде иегері Түркістан облысынан қатысқан Қолтай Феруза. І орын: Жетісу облысынан қатысқан Әділжан Шынарға және Ақмолалық қатысушы Жақсылық Даянаға бұйырды. ІІ орын иегері алты қатысушы, ал 21 қатысушы ІІІ орын иегері, 3 қатысушы көрермендер көзайымы номинациясын иеленді. Барлыш қатысушылар мен жетекшілер арнайы дипломмен марапатталып, сый-сияпат көрсетілді.


Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түркі университетінің, дінтану және теология мамандығы бойынша оқу гранты Алимова Айгерим, Ахметов Сабыржанға бұйырды.


Айта кетейік, «Ясауитану» байқауы 1997 жылдан бері өткізіліп келеді.

Бөлісу