Түркістанда экологиялық таза өнім өндіретін кәсіпорынның құрылысы басталды

0
69

Жобаны «PULPSTYLE» ЖШС іске асырмақ.


Түркістанда экологиялық таза өнім өндіретін кәсіпорынның құрылысы басталды

Түркістанда экологиялық таза өнім өндіретін кәсіпорынның құрылысы басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында бір рет қолданатын биоыдырайтын ыдыстар мен қаптама өндіретін заманауи зауыттың іргетасы қаланды. Жобаны «PULPSTYLE» ЖШС іске асырмақ.


Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жаңа кәсіпорынның капсуласын салу рәсіміне қатысып, жобаның сәтті жүзеге асуына тілек білдірді.


– Облысымыз үшін әрбір инвестициялық жобаның стратегиялық маңызы зор. Өйткені жаңа зауыт дегеніміз – жаңа жұмыс орындары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағытын айқындап, нақты міндеттер жүктеді. Осы ретте, біз экономиканы әртараптандыру жұмысын қарқынды түрде бастап кеттік. Инвесторлармен келісіп, импорт алмастыратын тауарларды шығаруға басымдық берудеміз. Сол жобалардың бірі – бүгін іргетасы қаланған «PULPSTYLE» компаниясының бір рет қолданылатын ыдыстар мен қаптама жасау кәсіпорны. Біріншіден, жобаға 1,5 млрд теңге инвестиция тартылып, 50 жұмыс орны құрылады. Екіншіден, экологияға пайдалы биодырайтын өнімдер шығарылады. Бұл – біздің облысымыздың жаңа өндірістік әлеуетін көрсететін нақты қадам. Осы бастаманы қолға алған инвесторға алғысымды білдіремін. Менің басты мақсатым әрі арманым – Түркістан облысын дотациялық аймақтан шығарып, өзін толық қамтитын өңірге айналдыру. Ел бірлігі мен ортақ жұмысымыз арқылы бұл дәрежеге жетеміз деп ойлаймын. Себебі Түркістан өңірінің ең басты байлығы – адами капитал мен жұмыс күші жеткілікті. Жаңа кәсіпорын уақтылы ашылып, халықты отандық өніммен қамти берсін! – деген Нұралхан Оралбайұлы жобаны қолдаған инвесторларға алғысын білдірді.


Аталған кәсіпорынды ашу бойынша 2025 жылдың қыркүйек айында инвестормен келіссөздер жүргізілген болатын. Бір рет қолдануға арналған биоыдырайтын ыдыстар мен қаптама жасау жобасының құны 1,5 млрд теңгені құрайды. Жоба арқылы 50 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделуде. Бүгінде құрал-жабдықтар толық жеткізіліп, кедендік рәсімдеуден өткізілген. Нысан инфрақұрылым желілерімен толық қамтылған. Өндіріс орнын 2026 жылдың наурыз айында іске қосу жоспарлануда.


Жалпы, Түркістан облысында қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 20 индустриалды және «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Индустриалды аймақтарда құны 152 млрд теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба іске асырылуда. Нәтижесінде 6 361 жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда 39 млрд теңге инвестиция тартылды. 50 жоба іске қосылып, 2 609 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал «Turan» арнайы экономикалық аймағында 211,8 млрд теңгеге 28 ірі жоба жүзеге асырылуда. Одан бөлек жергілікті кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар үшін шағын өндірістік парктер іске қосылды. Бұл аймақтарда кәсіп ашуға барлық қолайлы жағдай қарастырылған және мемлекеттік қолдау көрсетілуде.

Бөлісу