40-қа жуық кейіпкердің күнделікті еңбегі бейнеленген фотосуреттер қойылды.
Түркістанда «Еңбек» фотокөрмесі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті еңбек адамдарының мәртебесін көтеруге, олардың қоғамдағы рөлін арттыруға және жұмысшы мамандықтардың беделін нығайтуға бағытталған «Еңбек» фотокөрмесін «Конгресс холл» кешенінде ұйымдастырды.
Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жұмысшы мамандықтар жылы» бастамасы және «Жыл үздігі – 2025» атты Түркістан облысының жыл үздіктерін марапаттау кеші аясында ұйымдастырылды.
«Еңбек» көрмесінде 40-қа жуық кейіпкердің күнделікті еңбегі бейнеленген фотосуреттер қойылды. Атап айтқанда, оқу орнының шаруашылық-техникалық саласында еңбек ететін қызметкерлеріне ерекше назар аударылды. Олардың қатарында университет ашылғалы бері 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар бар.
Фотожобаның негізгі кейіпкерлері – қазандық пен су қоймасының операторлары, құбыр жөндеуші, еден жуушы, бағбан, сушы, агротехника жүргізушісі, аула сыпырушы, ағаш шебері, жатақхана кезекшісі және тағы басқа мамандар.
Еңбек адамын дәріптеуге арналған фотокөрмені Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы аралап, жоғары бағасын берді.
«Университетімізде 400-ге жуық жұмысшы маман қызмет атқарады.Олардың арасында оқу ордамызда 10-30 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп жүрген мамандар бар. Сондықтан оларға арнап, бүгінгідей жоба дайындадық. Жобаның жүзе асуына атсалысқан серіктестеріміз бен студенттерімізге ризашылығымды білдіремін. Жұмысшы мамандарымыздың маңдай тері мен адал еңбегі құрметке лайық. Университет дамуына үлес қосып жүрген сол жандарға үлкен алғыс білдіремін!», - деді университет ректоры Жанар Темірбекова.
Бұл фотокөрме – Ахмет Ясауи университеті басшылығының идеясымен жүзеге асып жатқан «Еңбек» медиажобасының бір бөлігі. Оқу орны мен «Beine.Pro» интернет журналының бірлескен шығармашылық жобасы.
Фотосуреттерді университеттің «Өнер, медиа және дизайн» факультетінің студенттері және университет фотографы Нақып Шынтеміров пен «Beine.Pro»-ның визуал контент продюсері әрі фотожурналисі Әйгерім Бегімбет түсірді.


