Нысанның құрылысын «BI group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз қаражаты есебінен жүргізеді.
Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістан қаласындағы "іскерлік орталықтың" капсуласын салды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығында "іскерлік орталықтың" алғашқы құрылыс жұмыстары басталды. Тұтынудың жаңа технологиялары қолданылатын заманауи нысанның капсуласын салған өңір басшысы Жансейіт Түймебаев осынау тарихи сәттің маңыздылығына тоқталып, болашақ орталықтың жоспарымен бөлісті. Жиынға жергілікті түркістандық тұрғындар қатысып, ақсақалдар жағы батасын берді.
"Ауданы 50 мың шаршы метрді қамтитын ғимарат 4 қабаттан тұрады. Мұнда заманауи тиімді кеңселер, су мен энергияны тиімді пайдалану жүйесі қарастырылған. Яғни, іскерлік орталық автоматтандырылған "ақылды ғимарат" қағидасымен жобаланған", - деді облыс басшысы.
Нысанның құрылысын «BI group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз қаражаты есебінен жүргізуді ұсынып отыр. Алғашқы іргетасы 2019 жылдың қаңтар айынан бастап қаланатын орталықтың жоспар бойынша аяқталуы 2020 жылдың наурыз айына тура келеді деп күтілуде.