Түркістанда Халықаралық туризм университеті ашылды

0
1 983

Түлектер халықаралық үлгідегі екі диплом алады.


Түркістанда Халықаралық туризм университеті ашылды

Түркістан қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанынан Халықаралық туризм және меймандостық университеті құрылды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысының орталығындағы бұл оқу ордасы Елбасының бастамасы негізінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылып отыр.
Қазақстандағы халықаралық деңгейдегі тұңғыш университет туризм саласындағы әлемдік деңгейдегі мамандар дайындайтын болады. Туристік бизнестің нақты қажеттілігі ескерілген университеттің 4 жылдық білім беру бағдарламасының нәтижесінде түлектер халықаралық үлгідегі екі диплом алады. Бұл олардың әлемнің кез-келген жерінде өз мамандығы бойынша еш кедергісіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Онда отандық және шетелдік профессорлар, ғылым докторлары мен туризм және сервис саласындағы алдыңғы қатарлы ірі компаниялардың ТОП-менеджерлері дәріс оқиды. Сондай-ақ, түлектер тәжірибесін БҰҰ Халықаралық туристік ұйымында (UNWTO) жетілдіретін болады.

Аталған университет базасында біліктілікті арттыру орталығымен бірге IELTS, TOEFL сияқты халықаралық емтихандарды тапсыру, шет тілдерін тереңдетіп оқыту үшін тіл орталығы жұмыс істейді. Туризм факультеттерінен басқа спорттық кафедралар да бар.

Атап өтсек, Түркістан қаласындағы жаңа Халықаралық туризм университеті биылдан бастап талапкерлерді қабылдайды. 2020-2021 жылғы оқу жылына 800 грант бөлінген. Туризм мамандығына бейіндік пәні: география және шет тілі, ал ҰБТ шекті балы – 50. Дене шынықтыру және спорт мамандығына шығармашылық емтиханмен түсуге болады, ҰБТ-дан алған шекті балл – 70.

Университетке құжат қабылдау ағымдағы жылдың 20 маусымы мен 7 шілде аралығында жүргізіледі. Ал, шығармашылық емтихан 8 және 13 шілде аралығында өткізіледі. Қосымша ақпаратты www.tourism-university.kz сайтынан және 8778495-15-33, 87771926691 нөмірлеріне хабарласып алуға болады. Мекен-жайы: Түркістан қаласы, Байбұрт көшесі, 5.