Түркістанда Мақтаарал ауданының мәдениет күндері өтті

0
454

Өнер байқауы жаз бойы өткізіліп, күз айларына дейін жалғасады.


Түркістанда Мақтаарал ауданының мәдениет күндері өтті

Түркістанда Мақтаарал ауданының мәдениет күндері өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда Мақтаарал ауданының мәдени күндері қорытындыланды. «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында ұйымдастырылған іс-шара екі күн бойы қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Аудан өнерпаздарының «Керуен сарай» туристік кешенінде өткен гала-концертіне белгілі әнші, өнер жұлдызы Жұбаныш Жексенұлы қонақ болды.


Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова арнайы қатысып, келген көрерменге алғысын білдірді. Бұдан бөлек «Дариға» би ансамблі, «Мерей» вокалды-аспапты ансамблі, «Тұмар» би ансамблі, Бекбосын Мықтыбек, Айна Мейірбекова, Лобархон Захидова, Макхамбай Құрбанов, Жаңабай Сайфуддинов, Жәнібек Тағаеев, Абдували және Саидвали Каландаровтар, Біржан Жанту, Нұрдәулет Жалалов, Мадина Әуезова, Олег Бахараев, Ақерке Зұлпыхарова және тағы басқалар өнер көрсетті.


Шараның алғашқы күні ұлттық құндылықтар дәріптелді. Этноауыл аумағында салт-дәстүр мен әдет-ғұмыр көріністері көрсетілді. Ұлттық тағам түрлері таныстырылды. Дәстүрлі әнші, жыршы-термеші, айтыс және «Ақ алтын» халықтық ұлт-аспаптар ансамблінің концерті өткізілді. Ал дар ойыны көптің қызығушылығын тудырды. Мақтаарал ауданының жетістіктері туралы кітап және фото көрмелері, суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрмесі, Мақта шаруашылық тарихи музей көрмесі жасақталды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп, қала тұрғындарына таратылды. Келесі күні күндіз Этноауылда асық ойнау, гір тасын көтеру, арқан тарту секілді ұлттық спорттық ойындарынан сайыс өткзіліп, жеңімпаздар марапатталды. Содан соң театралды қойылымдар көрсетілді.


Айта кетейік, фестиваль мақсаты ұлттық мәдениет пен өнерімізді дамыту, Түркістанның туристік әлеуетін дамыту болып саналады. Өнер байқауы жаз бойы өткізіліп, күз айларына дейін жалғасады. Келесі болып мәдени көшті Сарыағаш ауданының өнерпаздары жалғайды деп жоспарлануда.