Түркістанда Мемлекеттік айыптаушылар форумы басталды

0
74

Бұл – «Заң және Тәртіп» идеологемасының негізгі бағыттары болып табылады.


Түркістанда Мемлекеттік айыптаушылар форумы басталды

Түркістан қаласында Мемлекеттік айыптаушылардың алғашқы Халықаралық форумы басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістан қаласында Қазақстан, Мажарстан және бес түркі мемлекетінің – Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Түрікменстан прокуратураларының өкілдері қатысқан Мемлекеттік айыптаушылардың алғашқы Халықаралық форумы өз жұмысын бастады.


Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов форумды салтанатты түрде ашып, бұл шараның ұлттық сот төрелігі жүйесін дамыту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту үшін маңыздылығын атап өтті. Ол форумның өтуі әртүрлі елдердің мемлекеттік айыптаушыларының тәжірибе алмасуына және құқық қорғау органдарының тиімділігін арттыру мақсатында байланыстарды күшейтуге бірегей мүмкіндік беретінін айтты.


«Бүгінгі форумның басты мақсаты – шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу, заңдылық пен әділеттілікті қамтамасыз етудегі халықаралық ынтымақтастықты нығайту», – деп қадағалау органының басшысы өз сөзінде форумның барлық қатысушы мемлекеттердің құқықтық жүйелерін күшейтудегі маңызды рөлін ерекше атап өтті.


Форум қатысушыларына Қазақстан Республикасы Президентінің Көмекшісі Е.Н. Жиенбаев және Жоғарғы Сот Төрағасы А.А.Мерғалиев те құттықтау сөздерін арнап, іс-шараның өзектілігі мен маңыздылығын атап көрсетті.


Іс-шара аясында Қазақстанның тәжірибелі мемлекеттік айыптаушылары да сөз сөйлеп, құқықбұзушылықтарға нөлдік төзімділік және жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету, құқықтық тәртіп пен қылмыспен күрес бойынша тәжірибелері мен бастамаларымен бөліседі. Бұл – «Заң және Тәртіп» идеологемасының негізгі бағыттары болып табылады. Аталған шара құқықтық жүйені нығайтуға, мемлекеттік айыптаудың тиімді тетіктері мен модельдерін дамытуға бағытталған маңызды қадам.


Бас Прокурор:

«Мемлекеттік айыптау институтын дамыту әлемдік үрдістер мен жаһандық үдерістерді ескермей мүмкін емес. Халықаралық тәжірибе, үздік практикалар мен заманауи жұмыс модельдері ұлттық тәсілдерді айтарлықтай жетілдіруге және олардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деп тұжырымдады.


Екі күн бойы форум қатысушылары адам құқықтарын қорғау саласындағы идеялар мен тәжірибелік шешімдерімен бөлісетін болады. Бағдарламада сонымен қатар құқықтық саладағы цифрландыру және жаңа технологияларды қолдану мәселелерін талқылау, оқыту тренингтері, сондай-ақ интерактивті сауалнамалар мен викториналар өткізу жоспарланған.

Бөлісу