Түркістанда «МЕНІҢ ТУЫМ, МЕНІҢ ОТАНЫМ!» патриоттық акциясы өтті

0
2 189

Түркістан төріндегі «Менің Туым, менің Отаным!» патриоттық акциясын түркістандықтар жылы қабылдады.


Түркістанда «МЕНІҢ ТУЫМ, МЕНІҢ ОТАНЫМ!» патриоттық акциясы өтті

Түркістан қаласында «Менің Туым, менің Отаным!» патриоттық акциясы өтті. «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы ұйымдастырған акцияда «Mega city» сауда саттық орталығына мемлекеттік Ту орнатылып, мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Салтанатты жиында «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев рәміздерді құрметтеу баршаға ортақ парыз екенін жеткізді.

«Әрбір мемлекеттің ұлы құндылықтары болады. Мемлекеттік рәміздерді осы санатқа жатқызуға болады. Жуырда «Nur Otan» партиясының бастамасымен «Менің Туым, менің Отаным!» акциясы басталған болатын. Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Алматыдағы «Медеу» спорт базасы аумағында алып туды орнату іс-шарасына қатысып, жұртшылықты рәміздерді құрметтеуге шақырды. Қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде мемлекеттік туды насихаттау, дәріптеу акциясы жалғасып жатыр. Бүгін Түркістан облысының орталығы – Түркістан қаласында да осы мақсатта бас қосып отырмыз. Мемлекеттік Туымызды көтеріп, арнайы мереке ретінде атап өтудің мақсаты – патриотизмді насихаттау, қазақстандықтардың Мемлекеттік Туға деген терең құрмет сезімін қалыптастыру», – деді Б.Тәжібаев.

Салтанатты жиында отаншылдыққа шақыратын әндер шырқалып, көк Тудың мән-маңызын түсіндіретін келелі ойлар айтылды. «Жас Отан» жастар қанатының жалынды жастары да мерекенің ажарын ашып, құрдастарын игі бастамаға шақырды.

Түркістан төріндегі «Менің Туым, менің Отаным!» патриоттық акциясын түркістандықтар жылы қабылдады. Көпшілік қауым патриоттық әндер тыңдап, көк Тумен суретке түсті.
«Көк Туымыз мәңгі желбіреп, Қазақстанымыз мәңгі жасасын!», – дейді түркістандық отаншыл қауым.


Дереккөз: «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі