Түркістанда «Өлі жандар» қойылымы сахналанды

0
531

Қойылымда өзекті мәселелер ащы әзілмен, ойлы күлкімен айтылып, көрерменді шынайылық, адалдық әлемінің тереңіне бойлатады.


Түркістанда «Өлі жандар» қойылымы сахналанды

Түркістанда елордалық театр траги-фарс жанрындағы «Өлі жандар» қойылымын сахналады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістан музыкалық драма театрында Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры М.Булгаковтың "Өлі жандар" пьесасын ұсынды.


Қойылымға Түркістан облысының құқық қорғау органдары, ҰҚК, ІІД, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті және Прокуратураның басшылары мен жеке құрамы қатысты.


«Бүгін, міне, Түркістан өлкесінің киелі сахнасында кезекті қойылымымыз М.Булгаковтың «Өлі жандар» пьесасын назарларыңызға ұсынып отырмыз. Біз ұсынатын қойылымда халықты жаман әдеттерден сақ болуға үндейтін боямасыз өмірдің көріністері бар. Біздің Түркістанға келуімізге Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті үлкен қолдау білдірген болатын. Осы департаменттің ұйымдастыруымен бір ай бойы «Экономикалық қауіпсіздік: өркендеу мен тұрақтылық кепілі» акциясы өтіп жатыр. Осыған орай, халық пен өнер ортасында көпір болып, халықты экономикалық қауіпсіздікпен қамтамасыз ету, сауатты құқықтық кеңес беру, қарапайым халықтың қаржылық қауіпсіздігін және сауаттылығын арттыру, қаржылық пирамидалардың алдын алу мақсатында бағыт-бағдар бергіміз келеді», - деді астаналық театрдың директоры Асхат Максимұлы.


Қойылым қоғам дертіне айналған жемқорлық, қаржы пирамидалары және офицерлер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында қойылған. Сонымен қатар, қоғамның өзекті мәселелерін көтеріп, оларға өзіндік шешім де айтады. Қойылымда өзекті мәселелер ащы әзілмен, ойлы күлкімен айтылып, көрерменді шынайылық, адалдық әлемінің тереңіне бойлатады.


Айта кетсек, бұл пьеса - театр қоржынындағы траги-фарс жанрындағы алғашқы қойылым. Туындыны қазақ тіліне аударған - Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі ақын Гүлнар Салықбай. Қоюшы-режиссері театрдың жас режиссері – Ерназар Жаңатілек.