Түркістанда XIV ғасырдың пештері табылды

0
1 681

Түркістан қаласы маңынан түсті металл және балшық кірпішін күйдеретін пеш табылды.


Түркістанда  XIV ғасырдың пештері табылды

Түркістан қаласы аумағында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің археологиялық тобы антикалық дәуірге жататын түсті металл балқытатын пеш орнын анықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған пеш Қарашық-1 қалашығынан табылса, Қарашық өзенінің бойында XIV ғасырдың балшықтан жасаған кірпіштерді күйдіретін пештің орны табылған.

"Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Ұлы даланың ежелгі металлургиясы мәселесін де көтергені белгілі. Аталған мақала аясында «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі бірінші ақпаннан бастап Түркістан археологиялық тобын құрып, тарихи ақпараттар негізінде археологиялық зерттеу жұмыстарын бастаған болатын. Осы жұмыстардың нәтижесінде Қарашық өзені бойындағы кірпіштерді күйдіруге арналған пештер Қожа Ахмет Ясауи кесенесі салынған кезде пайда болған деген болжам жасалуда. Сонымен қатар, б.э.д. VI-III ғасырларға жататын Қарашық 1 қонысының жанында түсті металл балқытуға арналған пеш орны да Қарашық өзені бойынан анықталды. Қорық-музейдің басты бір мақсаты - кесененің ең құнды жәдігері Тайқазанның металлын балқытып жасаған пешін анықтау. Бұл бағытта зерттеу, зерделеу жұмыстары жүруде", - дейді "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.
Археолог ғалымдардың пікірінше Ясауи кесенесінің кірпіштеріне арналған топырақ Саураннан алынып, осы жерде дайындалуы әбден мүмкін. Бұл пікірді растайтын бірнеше дәлелдер де бар.

«Өздеріңіз көріп отырғандай, осы аумақта кірпішті күйдіріп, даярлауға арналған үлкен орын болғаны анықталуда. Қазба жұмыстары нәтижесінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің кірпіштеріне ұқсас өнімдер шығуда. Кесененің кірпіштерін осы жерде даярлауы мүмкін деген болжамымыздың бір дәлелі осы болса, екіншіден кірпіштерді жасауға шикі затты (балшықты) жасауға өте көп мөлшерде су қажет. Өйткені балшығын дайындау алдында топырақты қайта қайта сумен шайып, оны тұздан тазалайды. Бұл процес сапалы кірпіш жасау үшін өте маңызды болып келеді. Сондықтан кірпіш күйдіретін пешті өзеннің жағасында салған тиімді. Экономикалық тұрғыдан қарағанда топырақты Сауран өлкесінен тасып әкеліп, Түркістанның өзінде жасалуы дәлелге жақындау», - дейді археологиялық топ жетекшісі Бақытжан Нұрханов.
Үй орнындай аумаққа зерттеу жүргізген археологтар су кірпішті кептіретін орындардың да бетін аша бастады. Бірнеше ғасыр өтсе де от тиіп қызыл түске енген қабырғалар мен бөлмелер берік қалпын сақтап тұр. Үйінді астында қалған тарихи орынның сыры толықтай ашылғаннан соң, Түркістан мен Қызылорда күре жолы бойында ашық аспан асты музейі ашылуы мүмкін.
Ал, Қарашық-1 қалашығынан табылған пеш орыны мен жан-жағында шашылып жатқан металдарды қорытудағы қалдықтар да терең зерттеуді сұранып тұр.

Дереккөз: Түркістан облысы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының баспасөз қызметі