Пәтерлерін жалға беруші азаматтардың көршілері пәтер бағасының қымбаттауын жаңа облыс орталығына мемлекеттік қызметкерлердің қоныс аударуымен байланыстырып отыр.
Түркістанда бұған дейін 15 мың мен 45 мың теңге көлемінде пәтер жалдау мүмкін болса, бүгінде мұндай бағаға пәтер табу мүмкін болмай отыр. Тарқатып айтқанда, екі бөлмелі пәтерлер - 60-80 мың теңге болса, үш-төрт бөлмелі пәтерлер - 100-120 мың теңге аралығында. Осы мәселе төңірегінде ERNUR.KZ тілшісі журналисттік зерттеу жүргізіп, пәтер иелерімен жалға алушы ретінде тілдесіп көрген болатын.
Бейресми ақпаратқа сүйенсек, пәтерлерін жалға беруші азаматтардың көршілері пәтер бағасының қымбаттауын жаңа облыс орталығына мемлекеттік қызметкерлердің қоныс аударуымен байланыстырып отыр. Мем.қызметкерлердің еңбек ақыларына 20 пайыз қаржы қосылып, 81 мың 600 теңге жәрдемақы берілуі олар үшін ауыртпашылық түсірмейді дегендер жергілікті тұрғындардың қалтасы мұндай бағаны көтермейді дегенді алға тартуда.
Самал мөлтек ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің иелерінің бірі М. есімді азаматша үш бөлмелі пәтерін жүз мың теңгеге жалға бермек ойда. Оның айтуынша жалға алушымен пәтер бағасын келіссе тек киім-кешектерін алып, тұрғын үйді тұрмыстық жабдықтарымен қалдыруға дайынмын дейді.
Жұмысын бастағанына бір жылға жуық уақыт болған «OSST Tur» туристтік фирмасы туристтер мен қала қонақтарына туристтік бағытта ғана емес оларды жатын орынмен қамтамасыз ету мақсатында пәтерлерді жалға алу мен жалға беру бойынша қызмет көрсетіп отыр. Аталған туристтік фирманың бас менеджері Төрәлі Сыздықовтың сөзінше бұл істі қала қонақ үйлерінің бос болмай қалу қауіпін ескеріп, туристтерді жатын орынмен қамтамасыз ете алмай қалмау үшін қолға алған.
- «Отырар Сауран Сайрам Түркістан Тур» атауымен мемлекеттік тіркеуден өткен туристтік фирмамыз төрт бағытта: экскурсиялық қызмет, тасымалдау, тамақтандыру, орналастыру бойынша қызмет көрсетеді. Жатын орынмен қамтамасыз ету үшін қонақ үйлерден бөлек қаладағы пәтерлерін жалға бергісі келетін жандармен байланыс орнаттық. Қазір біздің базамызда көпқабатты тұрғын үйлерден 46 пәтер, 4 жер үй тіркеуде тұр. Оған қоса жалдамалы пәтер іздеген түркістандықтарға да қызмет көрсетуге әзірміз. Қызметіміз белгілі мөлшердегі ақылы қызмет арқылы жүзеге асады,-дейді туристтік фирманың бас менеджері Төрәлі Сыздықов.
Осы орайда Түркістан қаласына қоныс аударған мемлекеттік қызметкерлердің де пікірін тыңдауды жөн көрдік. Бұл жөнінде бірі пәтер бағасының тым жоғары екенін, тіпті қымбат болған соң әріптестерімен бірлесе жалдап тұрып жатқандықтарын айтса, енді бірі қымбат бағаға пәтер жағдайы сай келмейтінін жеткізді.