Түркістандағы жаңа театрда «Бөрте» пьесасы алғаш рет сахналанады

0
644

Жаңа театрдың алғашқы қойылымының режиссері итальяндық маман Карло Шаккалуга.


Түркістандағы жаңа театрда «Бөрте» пьесасы алғаш рет сахналанады

Түркістан музыкалық драма театры «Бөрте» спектаклімен ашылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


2021 жылдың 9, 10 қазан күндері Түркістан музыкалық драма театры белгілі драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат Исабековтың пьесасына қойылатын «Бөрте» спектаклімен ашылады. Бұл туралы брифингте театр директоры және көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарова мәлімдеді.


Оның айтуынша, жаңа театрдың алғашқы қойылымының режиссері итальяндық маман Карло Шаккалуга. Ал рөлдерді Қазақстанның халық әртісі Алмахан Кенжебекова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Лейло Бекзанар-Ханинга, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Алихан Ыдрышева, Еркебұлан Дайыров, Ақбота Қаймақбаева, Нүркен Өтеуілов, Айя Шәріп сынды кәсіби актерлар сомдайды.


«Бөртеге арналған шығарма қазақ сахнасында да тұңғыш рет қойылып отыр. Қойылым 10-11 жастағы Темучин мен Бөртенің алғаш танысуынан басталып, Шыңғыс қағанның алып империяны басқарып тұрған кезеңдерін қамтиды. Шыңғыс хан әскерінің жеңісті жорығы Қытайдан басталып, Украинада болған шайқасқа дейін жетеді. Спектакльде өжет те қайсар, ажарлы да ақылды, қайсар әйел Бөрте ханымның ғұмыры баяндалады. Тарихи спектакльдің ғылыми кеңесшісі тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрлан Атығаев. Декорация шынайлығымен, сахналық киімдер тартымдылығымен, реквизиттер шеберлердің арнайы дайындауымен ерекшеленбек. Белгілі композитор Хамит Шаңғалиев спектакльге арнап эксклюзивті музыка да жазды», - деді Айнұр Көпбасарова.