2019 жылы Түркістан қаласының айналасынан «Жасыл белдеу» құрылды.
Түркістандағы «Жасыл белдеу» аумағы кеңейіп, жыл сайын тал отырғызылып, орман ағаштары жайқалып, экологиялық ахуалы жақсарып келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылы Түркістан қаласының айналасынан «Жасыл белдеу» құрылды. Осы 6 жыл ішінде «Жасыл белдеу» аумағы кеңейіп, жыл сайын тал отырғызылып, орман ағаштары жайқалып, экологиялық ахуалы жақсарып келеді. Осы бағытта облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұйымдастырған баспасөз туры аясында БАҚ өкілдері Қарашық алқабындағы «Жасыл белдеу» жұмыстарымен танысты.
Облыс әкімінің қолдауымен қазіргі таңда жалпы 29 544 гектар жер мемлекеттік орман қоры санатына ауыстырылды. Оның 18071 гектарына әртүрлі жапырақты ағаштар отырғызылған. Атап айтқанда, 8337 гектарға жапырақты ағаш көшеті, 9734 гектарға сексеуіл екпелері егілген. Биылғы күзде қосымша 900 га аумаққа сексеуіл тұқымын себу жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар Түркістан қаласының аумағын қоршаған ортаны ластануынан, топырақ, жел эрозиясынан сақтауға және экологиялық жағдайын жақсартуға және құстар мен жан-жануарларға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
– Қазіргі таңда мәдени орман екпелерін суменен қамтамасыз ету үшін 240-ден астам ұңғыма қазылған. Жасыл белдеуді қоршау жұмыстары 434 500 метрге жетті. Түркістан қаласы айналасының су тапшылығына байланысты отырғызылған ағаш көшеттерін суару бойынша жаңа аэропорт жолының бойындағы 252 га жер телімі толықтай тамшылатып суару жүйесіне қосылды. Қалған учаскелердегі отырғызылған ағаш көшеттердің 63 % ұңғымалар, 25% каналдармен, 12 % насостар арқылы суарылуда. Биылғы жаз айында күннің ыстығына шыдас бермей қураған, өсімін тоқтатқан мәдени екпе ағаштардарды қайта толықтыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда жасыл белдеуге отырғызылған көшеттердің 60-65%-ы көгеруде, – деді «Жасыл аймақ» КММ директорының орынбасары Нұржан Кашкенов.
Жауаптылардың айтуынша, ағаш отырғызылған жерлердегі топырақ құрамындағы қарашіріктің көлемі – 0,7-0,8%, яғни, топырақтың құнарлылығы өте төмен дәрежеде. Осыған байланысты оның құрамын байыту үшін топыраққа минералды және органикалық тыңайтқыштарды енгізу арқылы ағаштардың өсуіне және оның көнімділігін арттыруға жағдай жасалынған.
Баспасөз туры аясында Республика күні мен Мемлекеттің егемендігі туралы декларацияның 35 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шара ұйымдастырылып, орман шаруашылығы саласына елеулі үлес қосқан ардагерлер жасыл белдеуде атқарылып жатқан жұмыстарды аралап көрді.
Айта кетсек, «Жасыл аймақ» мекемесінде бүгінгі таңда 120 га орман тұқымбағы бар. Оның 58 гектары тұрақты түрде пайдаланылуда. Орман тұқымбағында 21 түрлі ағаш-бұта көшеті өсірілуде. Заманауи тұқымбақта 576 м2 жерге жылыжай орнатылды. Жылыжайдың мақсаты – сирек кездесетін сәндік қылқан және жапырақты ағаштар өсіру.
Көгалдандыру, ағаш отырғызу және оларды күтіп-баптау жұмыстары облыс әкімі мен жауапты басқарманың жіті бақылауында. Қазіргі таңда «Жасыл аймақ» мекемесінде 600-ге жуық қызметкер мен 70-тен астам арнайы техника жұмыс істейді.


