Түркістандағы жылу қазандықтары жылу беру маусымына толық дайын

0
101

Қала әкімінің өкімімен арнайы жұмысшы топ құрылып, нысандардың жай-күйін зерделеу жұмыстары жүргізілді.


Түркістандағы жылу қазандықтары жылу беру маусымына толық дайын

Түркістанда жылу беру маусымына дайындық жұмыстары қарқынды жалғасуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласында 18 дана қазандық пен ұзындығы 56,3 шақырымды құрайтын орталықтандырылған жылу желісі жұмыс істейді. 2024-2025 жылдардағы жылу беру маусымынан соң барлық қазандықтарда және жылу жүйелерінде шаю, қысымдау жұмыстары толық көлемде атқарылып, жаңа маусымға дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде.


Қазіргі таңда жылу қазандықтары 2025-2026 жылдардағы жылу беру маусымына толық дайын. Оның ішінде 12 қазандық Әкімшілік-іскерлік орталық пен Отырар шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды үздіксіз ыстық сумен қамтамасыз етіп отыр.


Сонымен қатар, спорт, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және жұмыспен қамтуды үйлестіру салаларындағы барлық бюджеттік мекемелердің қазандықтары табиғи газға қосылған. Қала әкімінің өкімімен арнайы жұмысшы топ құрылып, нысандардың жай-күйін зерделеу жұмыстары жүргізілді.


15 тамыз – 31 қыркүйек аралығында жаңа маусымға дайындық паспорттарын рәсімдеу жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде қазіргі таңда 37 мектеп, 28 мемлекеттік мекеме және 21 балабақша 2025-2026 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық паспорттарын алды.


Бүгінгі көрсеткіштер бойынша Түркістан қаласында жылу беру маусымына дайындық жұмыстары кестеге сай жүргізіліп, қала тұрғындары мен әлеуметтік нысандарды тұрақты жылумен қамтуға барлық жағдай жасалған.

Бөлісу