Түркістанды дамыту мемлекеттік деңгейдегі бақылауда тұр

0
652

Мердігерлер өндірістік кестеден кешікпеуі керек.


Түркістанды дамыту мемлекеттік деңгейдегі бақылауда тұр

Түркістанда теннис спорты дамитын кез алыс емес, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмыс кестесіне сәйкес Түркістан қаласындағы бірқатар құрылыс нысанын аралады. Мақсат – жұмыс барысын қадағалау, мәселелер болса шешіп, құрылыстың уақтылы аяқталуына қолдау көрсету.


Бүгінде спортсүйер қауым Түркістандағы теннис орталығының құрылысына қызығушылық танытып отыр. Себебі теннис әлемдегі ең беделді, кең тараған спорттың бірі. Әлемдік деңгейдегі «Үлкен дулыға» додаларында қазақ жасары жарқырауы үшін алдымен инфрақұрылым және білікті бапкерлер қажет. Осы ізгі мақсатты орындайды деп үміт артылып отырған орталықтың жалпы ауданы – 5000 шаршы метр. Нысанның әкімшілік ғимаратында бетон жұмыстары толығымен аяқталған. Шатыр қапталып, суағарлар монтаждалған. Ішкі 1 мен 2-ші қабаттың электр желілері тартылған. Нысанда 32 жұмысшы еңбек етуде. Оларда 3 техника бар. Бұл спорт кешені биыл ел игілігіне тапсырылмақ.


Түркістанның туристік әлеуетін көтеру және құрғақ ауа райын өзгерту бағытында да ауқымды жобалар бар. Солардың бірі – Түркістанның әкімшілік-іскерлік орталығынан жасанды көл салу жобасы. Аталған аумақтың жер ауданы – 12,7 га, су сыйымдылығы – 0,6 млн. м3. Бүгінде өндірістік кестеге сай жұмыс жүріп жатыр. 326 000 м3 топырақ қайта көміліп, жасанды көлдің аумағы қазылған. Тіреуіш қабырғалы жағалауын негізін бетон құюға дайындау жұмыстары 100%-ға орындалды. Бүгінгі таңда іргетастардың бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Жоба биыл күзде жүзеге аспақ.


Өмірзақ Шөкеев осы және өзге де құрылыс нысандарын аралап, мердігерлерге өндірістік кестеден кешікпеу керектігін, Түркістанды дамыту мемлекеттік деңгейде бақылауда тұрғанын жеткізді.