98 гектар жерге Рухани және мәдени орталық салынатын болады.
ҚР Премьер - Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Түркістан облысының әкімдігінде Түркістан қаласын дамыту мақсатында өткен жиынға қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Алқалы жиынға Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және өзге де біршама министрлік өкілдері мен ұлттық компаниялардың жауапты сала мамандары қатысып, Түркістан қаласының дамуына арналған жобаларымен таныстырды.
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес Түркістан қаласын жаңа облыс орталығы ретінде дамыту барысы бойынша баяндама жасады.
Бүгінде Түркістан қаласында құрылыс жұмыстары үлкен қарқын алып жатыр. Олардың ішінде тұрғын үй, мектеп, балабақша бар. Биылғы жылы құрылысы басталған нысандардың біразы келер жылы ел игілігіне берілмек.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңынан салынатын тарихи архитектуралық жобаларға орай, аталған аумақта 98 гектар жерге Рухани және мәдени орталық салынатын болады.
Жиынды қорытындылаған Асқар Ұзақбайұлы Түркістандыдамытуға бағытталған жұмыстарды көпшілік болып, біргелікті жүзеге асыруға шақырды.