Бірқатар қызметкерлер марапатталды.
Түркістандық әскерилер Тәуелсіздік мерекесін мағыналы кездесумен атап өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістандағы «Farab» кітапханасында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Түркістістан облысының ардагерлерінің ұйымдастыруымен салтанатты жиын өтті. Мерекелік іс-шарада Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев құттықтау сөз сөйледі.
Тәуелсіздік жылдарында еліміздің қол жеткізген табыстарына тоқталған ол Түркістан облысының да тарихи сәтті бастан өткеріп жатқанын атап өтті. Сонымен бірге Қарулы күштер сапында қызмет еткен, Ауғанстанда, Тәжік-ауған шекарасында және өзге де әскери қимылдарға араласқан сарбаздар мен сардарларға құрмет көрсетіп, мерекелік медальдар мен облыс әкімінің алғыс хаттарын тапсырды.
Жиында «Қарулы күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы, подполковник Бабай Алдабергенов та әскерилерді ұлы мерекемен құттықтап, бірқатарын марапаттады. Салтанатты іс-шарада әскери саланың өзге де ардагерлері мен қолбасшылары құттықтау сөз сөйлеп, Тәуелсіздіктің қастерлі ұғым екеніне тоқталды. Жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеп, әскери өмірге қызықтырып, Отанды қорғау – азаматтық борыштары екендігін түсіндіру керектігін жеткізді.
Кеш Түркістан қаласындағы Райымбек Сейтметов атындағы театр әншілері мен жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты. Патриоттық әндер шырқалып, әскери қызметкерлерден жасақталған оркестр де жұртшылықтың көңілін көтерді.