Түркістандық бастауыш сынып оқушылары толықтай ыстық тамақпен қамтылады

0
725

Бастауыш сыныпта 200 мыңнан астам бала білім алады деп жоспарланып отыр.


Түркістандық бастауыш сынып оқушылары толықтай ыстық тамақпен қамтылады

Түркістан облысында биыл бастауыш сынып оқушылары 100 пайыз ыстық тамақпен қамтылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1-4 сынып оқушыларын мектепте тегін тамақпен қамту туралы тапсырма берген болатын. Президенттің бұл бастамасы балалардың денсаулығына, жақсы дамуына, оқу үлгерімін және әл-ауқатын жақсартуына оң әсер ететіні сөзсіз.


Жаңа оқу жылында облыс мектептеріндегі бастауыш сыныпта 200 мыңнан астам бала білім алады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда өңірде әлеуметтік осал топтағы отбасылардағы 31 577 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Қалған 1-4 сыныптағы оқушылар тегін тамақпен қамту үшін облыстық мәслихаттың сессиясына ұсыныс жасалған.


Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей қолдауымен аталған мәселе бүгінде оң шешімін тауып отыр. Алдағы уақытта облыстық бюджет есебінен 6 млрд. 287,7 млн. теңге қаржы бөлініп, өңірдегі бастауыш сынып оқушылары 100 пайыз ыстық тамақпен қамтылатын болды. Бұл жаңалық ата-аналарды да, балаларды да қуантатыны анық. Себебі бұған дейін тегін ыстық тамақ оқушыларға тек әлеуметтік жағдайына қарай беріліп келген.


Айта кетерлігі, оқушыларды ыстық тамақпен қамту осы жылдың соңына дейін қарастырылған. 2024 жылы қосымша қаржы бөлуге Адами әлеуетті дамыту басқармасы ұсыныс жасайды.