Ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, азаматтардың ұсыныс-тілектерін тыңдады.
Мақтааралдық жас депутат елді мекендердегі көшелердің асфальттануына атсалысуда, - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Мақтаарал аудандық мәслихатының депутаты, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Сүндет Кенжебаев округ әкімі Нұрғали Елшібаевпен бірге бүгін Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінде болып, тұрғындармен жүздесті. Ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, азаматтардың ұсыныс-тілектерін тыңдады.
Қарақыр елді мекенінің тұрғындарымен кездесу барысында халық қалаулысына Бейбітшілік көшесінің мәселесі кеңінен айтылды. Жалпы ұзындығы 800 метрді құрайтын көшеге асфальттандыру жұмыстарын жүргізу керектігін айтқан азаматтар ауылдағы электр жарығының жетіспеушілігін, электр бағаналары мен КТП құрылғысының ескіргенін, елді мекенге табиғи газдың қажеттілігін алға тартты.
Электр жарығы мәселесі бойынша жауапты органға депутаттық хат жазуға уәде берген депутат көшені асфальттандыру жұмысының мамыр айының алғашқы он күндігінде басталатынын жеткізді. Бұл бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, мердігер компанияның басшыларымен кездескен.
Сонымен қатар, әкім мен депутат Мырзатөбе елді мекеніндегі Бәйтерек көшесінің жағдайымен танысты. Ұзындығы 620 метр аталмыш көшеге 2017 жылы тас төселген. Әйтсе де, жоспарда көрсетілген мөлшерден аз төселгендіктен көшенің бүгінгі жағдайы мәз емес. Тұрғындардың өтінішіне құлақ түрген Сүндет Қахраманұлы электр жарығы мәселесі бойынша жауапты органға депутаттық хат жазуға уәде беріп көшені асфальттандыру жұмысының мамыр айының алғашқы он күндігінде басталатынын жеткізді. Жұмыстың сапасы мен кестеге сай жүргізілуін жергілікті әкімдікпен бірге бақылауға алатын болады. Бұл бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, мердігер компаниялардың басшыларымен де кездескен.
Айта кетейік, өткен жылы округ бойынша 10 көшеге тас төселген болса, биыл 6 көшені асфальттау жоспарланып отыр. Оның 3 көшесі «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асатын болады.
Сонымен қатар, мақтааралдық жас депутат Ынталы елді мекеніндегі апалы-сіңлі Садықова Роза мен Садықова Салтанаттың шаңырағында болды.
Тұрақты жұмыстары болмағандықтан темір-терсек пен шөлмек, баклажка жинап өткізіп күнелткен Садықовалардың баспаналарының апатты жағдайы жайында «SANUR TV» ұжымы алғаш дабыл қаққан болатын. Бүгінде ауыл азаматтары асарлатып ескі баспананың орнына 4 бөлмелі үй тұрғызып жатыр. Іргетасы қаланған. Енді сәл күнде қабырғасын көтермек.
Жүргізіліп жатқан сауапты істің барысымен танысқан аудандық мәслихат депутаты Сүндет Кенжебаев пен Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінің әкімі Нұрғали Елшібаев жаңа баспананың бой көтеруіне өз үлестерін қосатындықтарын айтты. Қос азамат өз қаржылары есебінен үйдің шатыры мен сылаққа қажетті құмды жеткізіп беруге уәде етті.
Сондай-ақ, Сүндет Қахраманұлы Қарақыр елді мекеніндегі фельдшерлік-акушерлік пункт пен Мырзатөбе елді мекеніндегі «М.Өтемісұлы» атындағы жалпы орта мектебінің ескі ғимаратының жағдайымен де танысты. Ғимараттардың күрделі жөндеу жұмыстарына қатысты тиісті мекемелерден құжаттамаларын сұратып, мүмкіндігінше мәселенің оң шешімін табуына округ әкімімен біргелікте күш салатын болды.