Яссауидің ұстазы Арыстан баб кесенесіне ат басын арнайы бұрып, зиярат етті, құран бағыштады.
Созақтық қариялар киелі орындарға экскурсия жасады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Созақтық қариялар өңіріміздегі киелі орындарға зиярат жасап, күн санап өзгеріп жатқан облыстың жаңа орталығы Түркістан қаласының көрікті жерлерін тамашалау мақсатында танымдық сапарда болды. Таң ата жолға шыққан қарияларға Созақ ауданының әкімі Салыхан Сабырұлы Полатов ақ жол тілеп, шығарып салды.
Аталмыш сапар Қожа Ахмет Яссауидің бабасы Ысқақ бабтың кесенесіне зиярат етуден басталды. Одан соң, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық мүзейіне келіп, ондағы құнды жәдігерлермен танысты. Музей қызметкерлерінің әсерлі әңгімелерін тыңдап, пікір алмасты. Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы Арыстан баб кесенесіне ат басын арнайы бұрып, зиярат етті, құран бағыштады.
Сонымен қатар, Әзірет сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіндегі архитектуралық ескерткіштерді аралады. Одан бөлек, шетелдік және отандық туристердің көзайымына айналып үлгерген Керуен-сарай туристік кешеніне келіп, орта ғасыр мәдениетінен хабар беретін архитектуралық нысандарды тамашалады.