40 келілік қошқарды 3555 рет отырып-тұрып көтеріп, Қазақстанның рекордтар кітабына енген болатын.
Түркістан облысының өрені Азамат Мақұлбеков жаңа рекорд орнатты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
1986 жылы дүниеге келген спортшы Азамат Нұрғалиұлы Мақұлбеков күш пен төзімділіктің нағыз символына айналды. Ол бұған дейін V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының алыптар сайысында жеңімпаз атанып, ел мерейін үстем еткен еді. Сондай-ақ 40 келілік қошқарды 3555 рет отырып-тұрып көтеріп, Қазақстанның рекордтар кітабына енген болатын.
Енді міне, батыр спортшы жаңа биікті бағындырды. Алматыдағы әйгілі «Медеу» мұз айдынының 842 баспалдағына 100 келілік өгіз мүсінді 34 минут 28 секундта көтеріп шығып, Қазақстанның КИнЭСК рекордтар кітабына ресми түрде тіркелді. Бұл оның еңбектің, табандылықтың және шынайы ерік-жігердің үлгісін көрсеткен кезекті жетістігі болды.
Айтулы шараға Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров арнайы келіп, спортшыға сәттілік тілеп, қолдау көрсетті.
Сонымен қатар, Қазақстанның КИнЭС рекордтар кітабының ресми өкілі Бақытжан Тастүлеков, республикалық «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарының тілшілері де қатысып, тарихи сәттің куәсі болды.
Жаңа рекорд иесі атанған Азамат Мақұлбеков – ел намысын абыроймен қорғап жүрген батыр азамат. Түркістан облысы, Арыс қаласының толағайы бүгінде Қазақстанның мақтанышына айналып отыр.