Жиһаз жасауды ерікті жастар үйретеді.
Кентауда ашылған жиһаз цехында мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істеп жатыр, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Кентау қаласында мүмкіндігі шектеулі жандар жиһаз шығаруды қолға алды. Олар алдағы уақытта жасаған жиһаздарын сатылымға шығарады. Бұл жұмыстар кенді шаһарда ашылған жиһаз цехында жүзеге аспақ.
Жоба Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асуда. «Береке» қоғамдық бірлестігінің «Мүмкіндігі шектеулі жастардың әлеуетін дамыту, еңбек қатынастарын нығайту және қоғамның тұрақты дамуына үлес қосу» жобасы шеңберінде «Эко Атамекен» ҚБ тапсырысты алып, жұмыс істеуде.
Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдарда 5146 қамкөңіл жан бар. Басты мақсат - мүмкіндігі шектеулі жастардың біліктіліктерін арттырып, жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету және қоғамнан алшақтығын алдын алу, еңбек қатынастарын нығайту.
Аталған цехта мүмкіндігі шектеулі жандарға жиһаз жасауды екі ерікті жас үйретеді. Облыстық арнаулы кәсіптік колледжінің студенттері осы жерден кәсіптік білім алып, тәжірибеден өтіп, әрі қарай жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.