Пәннің негізгі мақсаты - оқушыларға алған білімін күнделікті өмірде қолдана алулары үшін кәсіптік ойлауды дамыту болып табылады.
Түркістандағы Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясының 10 «А» сынып оқушыларына пилоттық жоба ретінде енгізілген «Кәсіпкерлік пен бизнестің негіздері» атты жаңа пән бойынша сабақ өткізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп әзірлеген оқулықты оқушыларға облыстық кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Санжар Әшірбаев таныстырды.
Білім ұяларында кәсіпкерлікке баулитын бұл пән 2019 жылғы жаңа оқу жылынан бастап енгізіледі депжоспарланып отыр. Сабақ мемлекеттік және орыс тілдерінде 10 және 11 сынып оқушыларының қалауы бойынша аптасына екі рет өткізілмек. Бағдарламаның 40 пайызы теориядан, 15 пайызы нақты жағдайлардың және 45 пайызы ойын түріндегі практикалық тапсырмалардан тұрады.
Дәріс кезінде облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының кеңесшісі Нәлібай Дәрібаев пайдалы және практикалық білім алуға ұмтылу - қашанда өз жемісін береді деген ойын білдіріп өтті.
Оқушылар сала мамандарымен «Дружба» ЖШС-нің басшысы Әбдісадық Әбдіразаховқа кәсіпкерлікке қатысты түрлі сауалдар қойып, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауаптар алды.