Түркістандық оқушыларға планшет табысталды

0
1 051

Оған қоса тегін ғаламтор трафигіне қосылған нөмірлер үлестіріліп жатыр.


Түркістандық оқушыларға планшет табысталды

Отырар ауданының оқушыларына планшет үлестірілді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгінде елімізде орын алған эпидемиологиялық ахуалға байланысты мектеп оқушылары қашықтан білім алып жатыр. Еске сала кетсек, білім берудің бұл әдісі көктемдегі төтенше жағдай кезеңінде енгізіліп, жаңа оқу жылының бірінші тоқсаны да қашықтан оқытылатын болып шешілген. Қазір жер-жердегі оқушылар теледидар, ғаламтор желісіндегі бағдарламалар және смартфон арқылы білім алуда.

Елімізде мектеп оқушыларын қашықтан оқыту жүйесі енгізіліп, білім беру саласында көптеген өзгерістер орын алғаны баршамызға аян. Осы орайда мемлекет және кәсіпкер азаматтар тарапынан қолдау көрсетіліп, әлеуметтік жағдайы төмен, толық емес санаттағы отбасылардың балаларына «Мектепке жол» бағдарламасы бойынша көмек көрсетілуде. Атап айтқанда, талай отбасыға демеу болған акция барысында оқу құралдары мен онлайн білім алуға мол септігін тигізетін смартфондар үлестіріліп жатыр.

Осындай игі істің бірі Түркістан облысы Отырар ауданы Отырар ауылында атқарылды. Нақтырақ айтсақ, «Мектепке жол» акциясы бойынша қашықтан оқытуды ұйымдастыру барысында «Отырар жалпы орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері толық емес және атаулы әлеуметтік көмек алатын 5 отбасының балаларына мемлекет тарапынан берілген әрі «Білім» тегін ғаламтор тарифіне 2 айға қосылған белайн нөмерлерімен бірге планшет табыстады.

Сондай-ақ, оқу құралын ата –аналарға табыстаған білім ордасының директоры Оспан Жанболат жаңа оқу жылының сәтті өтуін тілеп, оқушыларға алдағы уақытта мемлекет тарапынан тағы да көмектер көрсетілетінін айтып өтті.

«Қазіргі уақытта орын алған эпидемиологиялық жағдай ешкімге оңай тиіп жатқан жоқ. Бірақ, еліміздің болашағы деп білетін балалар қандай қиын жағдай болса да білім алуы қажет. Сондықтан қашықтан оқыту жүйесінің енгізілгені өте орынды деп санаймын. Оған қоса «Мектепке жол» акциясының да әлеуметтік ахуалы төмен отбасыларға тигізетін пайдасы мол болып отыр. Осындай қысылтаяң уақытта шәкірт үшін бар күш-жігерін сарп етіп, оқушылар үшін аянбай еңбек етіп жатқан мамандарға ерекше алғыс білдіремін. Дегенмен көп ұзамай аурудың беті қайтып, барлығы өз орнына келетініне сенеміз» - дейді Жанболат Жұмабекұлы.