Түркістандық өнерпаз республикалық байқауда жүлдегер атанды

0
418

Ақтөбе қаласының 155 жылдығына орай ұйымдастырылған байқау ІІ кезең бойынша өткен.


Түркістандық өнерпаз республикалық байқауда жүлдегер атанды

Ақтөбе облысында «Еркелей аққан ор өзені» дәстүрлі XVI республикалық ән байқауы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


13 қыркүйек күні Ақтөбе облысында «Еркелей аққан ор өзені» дәстүрлі XVI республикалық ән байқауында Түркістан облысының атынан әнші, Созақ аудандық «Мыңжылқы» мәдениет сарайы директорының шығармашылық жөніндегі орынбасары Айдос Әлқуат бақ сынап, жүлделі III орынды қанжығасына байлады.


Ақтөбе қаласының 155 жылдығына орай ұйымдастырылған байқау ІІ кезең бойынша өткен. Ол I кезеңде Жайықтың ақ шағаласы атанған ақын Ақұштап Бақтыгерееваның сөзіне жазылған ақтөбелік танымал композитор Бейбіт Оралұлының «Алғашқы көктем» әнін, ақтық кезеңде Ақтөбе облысынан шыққан ақын Сағи Жиенбаевтың сөзіне жазылған әйгілі композитор Ескендір Хасанғалиевтың «Айналдым елім» әнін орындады.


Қатысушылардың өнерін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, әйгілі Димаш Құдайбергеновтың ұстазы Марат Әйтімов, Ақтөбе облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Болысбек Қайрат және «Дарын» жастар сыйлығының иегері, вокал шебері Нұртас Омаров сынды кәсіби мамандар бағалады. Олар байқауға қатысушы үміткерлердің әнді орындау шеберлігіне, орындаушылардың сахна мәдениеті мен киім үлгісіне, табиғатына сай ән таңдауына, дауыс диапазонына, әртістік қабілетіне баса назар аударды.


Айта кетейік, аталмыш сайыстың мақсаты өңірден шыққан композиторлардың әндерін кеңінен насихаттау мен талантты әнші, орындаушыларды анықтауға, дарынды жастардың шеберлігін шыңдауға және оларға қолдау көрсетуге бағытталған.