Түркістандық сарбаздар үздіктер қатарынан көрінді

0
703

Екі айға созылған жиынға 585 адам қатысып, онлайн-форматта 39 команда жарысты.


Түркістандық сарбаздар үздіктер қатарынан көрінді

Түркістандықтар «Айбын-2020» әскери-патриоттық жиынында жүлделі орыннан көрінді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Айбын – 2020» VI республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны аяқталды. Аталған шараның салтанатты жабылу рәсімі Нұр-Сұлтан қаласында Тұңғыш Президент күні қарсаңында өтті. Жылда дәстүрлі түрде өткізілетін жиын биыл алғаш рет онлайн-форматта өткізілумен ерекшеленді. Яғни, барлық қатысушылар әскери жиынды тікелей эфирде тамашалады.

Аталмыш іс-шараға қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев, ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, білім және ғылым вице- министрі Шолпан Каринова, жеке сынақта және «Үздік Жас сарбаз» аталымында үздік командалар капитандары, жиынның жеңімпаздары қатысты.

Екі айға созылған жиынға 585 адам қатысып, онлайн-форматта 39 команда жарысты. Қатысушылар жиын барысында әскери қолданбалы спорт түрлерінен, интеллектуалдық және шығармашылық сипатта өзара сайыс өткізді.

Жарыстық қорытындысына сәйкес, республикалық сайыста Түркістан облысы, Арыс қаласының «БАРЫС» əскери-патриоттық клубы жүлделі ІІ орынды иеленсе, «ҮЗДІК ЖАС САРБАЗ» номинациясын осы команданың мүшесі Қуаныш Абдибек Мейрамбекұлы иеленді.

Жеңімпаз командалар кубоктармен, медальдармен, дипломдармен және құнды сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, конкурсанттарға шараға қатысқаны туралы сертификат табысталды.

Айта кетейік, Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті 2020 жылдың қорытындысы бойынша тəртіп жағынан ҚР ҚК ең үздік департамент атанды.