4 алтын, 2 қола медаль иеленді.
Алматыда жеңіл атлетикадан жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Алматы қаласында жеңіл атлетикадан балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің 2006-2007 және 2008-2009 жылы туған жасөспірімдерінің арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.
Найза лақтырудан жарыс жолына шыққан түркістандықтар 4 алтын, 2 қола медаль иеленді. Олардың қатарында Нұрдәулет Маман, Шадияр Құлатай, Айгерім Манасбай, Ұлбосын Есіркеп сынды талантты спортшылар топ жарса, Жасұлан Кеңес пен Жігер Елбосын қола жүлдені қанағат етті.
2000 метр кедергімен жүгіруде Ұлданай Абылхан ешкімге дес бермесе, 3000 метрге жүгіруде күміске қол созды. 2000 метрге жүгіруден Бәйдібек Елубай топ жарып, алтыннан алқа тақса, 1500 метрге кедергімен жүгіруде күміс жүлдені еншіледі. Ал Аружан Алтынбай 800 метрге жүгіруден және көпсайыстан қола медаль олжалады. Сондай-ақ Малика Азизова 2000 метр кедергімен жүгіруде күміс медальға иелік етті.
Түркістан өңірінде жеңіл атлетика спорты жақсы дамып келеді. Ауыл жасөспірімдерінің бұл жеңісі биік шыңдарға баспалдақ болмақ.