46 жас өренді салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.
Түркістандық жастар Алматыға әскерге аттанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласындағы көпфункционалды туристік кешен – «Керуен-сарай» аумағында ҚР Қарулы күштері қатарына әскерге шақыру науқаны аясында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтына 46 жас өренді салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.
Іс-шараға Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Әділет Отарбаев, әскери сала мен соғыс қимылдарына қатысқан ардагерлер, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының облыстық филиалының төрағасы, сондай-ақ жергілікті әскери басқару органдарының жеке құрамы қатысты.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Әділет Отарбаев бүгінгі таңда облыстан 721 азамат әскер қатарына шақырылғанын атап өтті. Оның ішінде ҰҚК Шекара қызметіне 230-дан астам, Мемлекеттік күзет қызметіне 35 азамат жіберілген. Ал Құрлық әскерлері әскери институтына 46 жас сарбаз салтанатты түрде аттандырылып отыр.
– Бүгінгі шара – Отан алдындағы қасиетті борышты өтеуге аттанатын жас сарбаздар үшін ерекше әрі жауапты сәт. Ертең сіздер еліміздің тірегі боласыздар. Әскери қызметтеріңізді абыроймен атқарып, аман-есен елге оралуға тілектеспін, – деді полковник Әділет Отарбаев.
Сондай-ақ, Қарулы күштер ардагерлері облыстық кеңесінің төрағасы, запастағы подполковник Бабай Алдабергенов жас сарбаздарға сәттілік тілеп, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету әр азаматтың қасиетті міндеті екенін атап өтті.
Өз кезегінде Шардара ауданының тумасы Нұрислам Ермекбаев әскери қызметке аттанатынына қуанышты екенін жеткізіп, қатарластарына сәттілік тіледі.
Шара соңында жиналғандар жас сарбаздарға ақ батасын беріп, оларды әскери оқу орнына шығарып салды.


