Түркістандық жастар әскерге аттанып жатыр

0
487

Әскери қызметке барлығы екі мыңға жуық азамат шақырылатын болады.


Түркістандық жастар әскерге аттанып жатыр

Түркістан облысының жастары әскери борышын өтеуге аттануда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


2021 жылғы күзгі әскерге шақыру науқанының алғашқы командалары Түркістан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің облыстық жинау пунктінен әскери борышын өтеуге аттанып жатыр. Отан алдындағы борышын орындауға аттанар алдында болашақ сарбаздар медициналық тексеруден, психологиялық тестілеуден және баратын әскери бөлімнің өкілімен сұхбаттасудан өтеді.


Қалыптасқан дәстүр бойынша, әр команданы шығарып салуға Ауған соғысы және Қарулы Күштер ардагерлері келіп, болашақ сарбаздарға әскери қызметте табыс тілеп, ақ батасын беріп жатыр.


«Қазіргі таңда облысымыздың барлық аудандарында әскери қызметке жарамды жасы 18-ге толған және 27-ден аспаған ер-азаматтар шақыру қағаздарын алып, алдымен аудандық, одан кейін облыстық жинақтау пунктінде медициналық тексеруден өтуде. Егер денсаулығы жақсы болса, олар әскерге аттанады. Осы жылы күзде біз ҰҚК Шекара қызметіне үш жүзге жуық, Қарулы Күштерге жеті жүзден аса және Ұлттық Ұланға сегіз жүзден астам ер-азаматты жіберу жоспарланған», – дейді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Нұрмаханбет Дүйсебаев.


Жеке құрамның денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында болашақ сарбаздар COVID-19-ға ПТР-тест тапсырады. Әскери бөлімге келген соң, олар екі апталық карантинге орналастырылып, қайтадан ПТР сынағын тапсырып, медициналық тексеруден өтеді.


Осы жылдың күзінде мерзімді әскери қызметке Түркістан облысынан барлығы екі мыңға жуық азамат шақырылатын болады.