Жастар ерекше тәсілмен сенбілік өткізді.
Түркістан облысында ерекше сенбілік өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мақтаарал аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен ерекше тәсілде сенбілік өтті.
Таңғы сағат 08:00-де Мырзакент кентіндегі «Жастар гүлзары» демалыс аймағынан бастау алған ПЛОГГИНГ-ке ауданның ерікті жастарымен қатар жас ұстаздар, мектеп оқушылары қатысты. Бұл сенбіліктің ерекшелігі – әрбір қатысушы жеңіл жүгіре жүріп, көшелер мен арық-атыздарды тұрмыстық қатты қалдықтардан тазартады.
Шығу тарихы Швециядан бастау алған плоггингтің де мақсаты – жүгіре жүріп қоқыс жинау («plog» сөзі швед тілінен «соқа» деп аударылады) дегенді білдіреді.
Қарапайым жүгіру тәсілі арқылы экологиялық акцияға атсалысқандардың ішінде Мырзакент кентіндегі «Пушкин» жалпы орта мектебінің ұстаздары белсенділік танытып, өзгелерден үздік шықты. Белгіленген мәре сызығына бірінші келді.
Өзгелерден жылдам әрі көп қоқыс терген қатысушылар ұйымдастырушылар тағайындаған қаржылай сыйлықтарға ие болып, іс-шараның маңыздылығына тоқталды. Алғыстарын білдірді.