Түркістандықтар қуаңшылықтағы ағайынға көмектесу үшін шөп орып жатыр

0
1 213

Мақсат - қуаңшылыққа тап болған елге көмек көрсету.


Түркістандықтар қуаңшылықтағы ағайынға көмектесу үшін шөп орып жатыр

Батыс Қазақстанға көмектесуге бел буған түркістандық азаматтар қолмен шөп оруды бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгінде Қазақстанның батысын қуаңшылық жайлап, мал жейтін шөп болмай қырылып жатқанынан хабардармыз. Бұл ел басына түскен нәубет екені айқын. Сондықтан Түркістан өңірінің азаматтары батысқа көмек көрсетуді қолға алды.


Бұл істі басшылыққа алған Шымкент қаласы, «Бозарық» шағынауданының тұрғыны Құрмет Талапқазы Сарыағаш, Келес, Қазығұрт аудандары аумағын шарлап, техника бара алмайтын жерлерде қамыс-құрақ жайқалып өсіп тұрғанын көріп, шөп дайындап, оны қуаңшылық орын алып жатқан аймақтарға жіберуге білек сыбанып кірісіп те кетіпті. Бұл ретте оған аталмыш аудандармен қатар Созақ, Бәйдібек аудандарының жастары да қолдау білдіріп жатыр.


Сондай-ақ, Құрмет жоғары оқу орындарының басшыларына үндеу арнап отыр. Өйткені қазір студенттер жазғы демалыста. Осы кезде еріктілерді шөп шабуға неге жібермеске?! Одан бөлек, бастама иесі әкімдерге, кәсіпкерлерге де үндеу арнайды. Мыңдаған гектар жер алып, оны босқа қоршап қойғандар сол алқаптың шөбін қуаңшылық орын алған аймаққа тегін берулеріне болады емес пе?


"Осы үрдіс кешегі Мақтаарал, Арыс оқиғалары кезінде де жалғасты. Ендеше, ауызбіршілігімізді көрсететін кез келді емес пе?», - дейді Құрмет.


Өзінің айтуынша, бастамашыл жігіт Қытайдың Алтай өлкесінен, соның ішінде Қаба қаласынан Шымкентке көшіп келгеніне 7-8 жыл өтіпті. Жоғарыдағы жағдайды естіген соң шыдай алмай барлық жұмысын жинастырып қойып өзен, канал бойларынан шөп шабуға кірісіп кеткен.