Президент қолындағы қажетті нысандардың тізімі бойынша әрбір компанияға жеке-жеке тапсырма берді.
ERNUR.KZ. Түркістан қаласын дамытуға арналған кеңесте ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ірі кәсіпкерлер мен ұлттық компанияларға бір-бір нысаннан салып беруді тапсырды, деп жазады ҚазАқпарат.
Кеңес кезінде мінберге «Базис-А» компаниясының басшысы Александр Белович шығып, өзінің құрылыс саласындағы тәжірибесі жайында айтты. Бірақ Мемлекет басшысы бірден одан Түркістанда қандай нысан салуға ниетті екенін сұрады. Компания басшысы сәл бөгеліп қалды. Осы кезде Президент:
«Сіздер спорт және мәдени нысандарды жақсы салдыңыздар. Мен ойлаймын, бұл жерге театр керек. Оған қауқарыңыз жетеді деп ойлаймын. «Астана-Опера» сияқты үлкен театр болмаса да, әдемі театр салу қажет. Ішінде қазақ және орыс театры болатындай әмбебап бір театр салынғаны дұрыс шығар», - деді.
«Базис-А» компаниясының басшысы келісті. Осыдан кейін Президент қолындағы қажетті нысандардың тізімі бойынша әрбір компанияға жеке-жеке тапсырма берді.
Атап айтқанда, ENRC - Түркі мұражайын, BI Group - Қазақ батырларының орталығын, Highvill Kazakhstan – тұрғын үй ауданын, Mabetex Group – ауруxананы, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы – стадионды, «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы – жастар сарайын, «KEGOC» - Қожа Аxмет Яссауидің шағын музейін, «Қазпошта» АҚ – почта бөлімшесі мен цифрлық кеңсені, Қазақтелеком – Smart теxнологияларды, ал кәсіпкер Данияр Абылғазин бассейні бар жабық спорт кешенінің құрылысын алды.
Мемлекет басшысы кәсіпкер Нұрлан Смағұловты да тұрғызып, бір нысанның құрылысын алуды ұсынды.
«Сен барлық жерде салып жүрсің ғой. Бүкіл жерде – Mega. Астанадағы Mega-ның жартысын салсаң да, болады ғой. Осы жерге де бір нысан салу қажет», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.
Кәсіпкер Н.Смағұлов Түркістанда көлік сатуға ниетті екенін жеткізді. Осыған орай, бір көлік салонын тұрғызуды ұсынды. Президент қажетті жобаны Түркістан облысының әкімімен келісіп алуды тапсырды. "Қазатомөндіріс" ұлттық компаниясы да өз нысанын келісіп салатын болды.
«Сосын Түркістанды дамыту қорын да құрған дұрыс сияқты. Кім қолдау жасауға дайын, сол ақшаны аударсын. Сонымен, бәрін келісіп алдық. Енді, осының бәрін бір-екі жылда бітіретін болсақ, Түркістан жайнап шыға келеді. Тәуелсіздігіміздің тірегі нық болса, әлі де талай-талай қалаларды саламыз», - деді Н.Назарбаев.