«Ұл мен қыз – ұлт намысы» тақырыбындағы семинардың берері мол

0
3 833

Осындай семинарлар мұғалімдердің тәжірибе алмасуына мол септігін тигізеді.


«Ұл мен қыз – ұлт намысы» тақырыбындағы семинардың берері мол

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Мәңгілік ел» идеясын қолдау және жасөспірімдер мен жастар арасында кең насихаттау, жасөспірімдерді адамдық ізгі қасиеттерге тәрбиелеу мақсатында Түркістан облысы, Шардара ауданына қарасты Сүткент ауылындағы Т.Тәжібаев атындағы мектепте «Ұл мен қыз ұлт намысы» тақырыбында аймақтық тәжірбиелік семинар болып өтті, - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Аймақтық семинарда әлеуметтік-педагог Құрбанәлі Назым «Инаббатты ұл, ибалы қыз – өмір көркі» презентациямен таныстырылым жасады. Тәлімгер Жұрқабаева Ұлжан «Ұл мен қыз – ұлт намысы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Мектептегі «Парасат» қыздар клубының жұмысымен таныстырған ДТІЖО Тоқсанбай Жанна баяндамасында қасиетті Домалақ ана, Айша бибі, Айғаным, Ұлпан, Ұлжан сынды дана апаларымыздың өнегелі өмірін үлгі еткен мектеп жанынан құрылған «Аналар кеңесінің» де мақсат-міндеттерімен де таныстырып өтті. Оның қыз тәрбиесіндегі жеңге рөлін де қалыс қалдырмады. Семинардағы «Бұрымды» (қайын сіңілімен шаш өру), «Сырлы оюлар», «Қыздардың құлағына алтын сырға» қойылымдар қыз өмірінде жеңгенің жауаптылығына тәнті етті.

Аудандық білім бөлімінің әдіскері Шамеева Гаухар рухани жаңғыру туралы өз ойын айтты. Ол «Бұл ұлтымыздың ғасырлар бойы сақталған салт-дәстүрін, тәлім-тәрбиесін, құндылығы мен рухани байлығын қолға алып, дәріптеу деген сөз. Еліміздің келешегі бүгінгі жас ұрпақ қолында десек, сол ұрпақтың сапалы білі мен саналы тәрбие алуы мұғалімдердің қолында. Ал, мұғалімдер арасындағы осындай семинарлар олардың тәжірибе алмасуына мол септігін тигізеді», - деді.

Кітапхана меңгерушісі Мамашева Замираның өткізген поэзия кеші мен «Көркемөнерпаздар» үйірмесінің жетекшісі Жүсіпбеков Әбілқайырдың әрбір сынып оқушыларымен жүргізетін «Қазақтың жүз әнін» келген қонақтар ерекше ризалықпен жоғары бағалады.

Ұ. Жұрқабаева, Б.Әнетова, А.Батырбекова, А.Дүйсебекова, Қ. Жылқыбай, Қ.Сүлейменов өмірдің мәнін, отбасының құндылығын, өнегелі ұл мен тәрбиелі қыз-ұлт болашағы екенін семинар барысында көрсеткен өз жұмыстары арқылы тереңірек ұғындыра алды.