​Жетісайда жас отбасылар сайысы өтті

0
3 422

Жетісай аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен өткізілген «Толағай» жас отбасылар сайысының негізгі мақсаты – отбасындағы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасы ынтымағын арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыру әрі отбасының қадір-қасиетін жастарға кеңінен ұғындыру.


​Жетісайда жас отбасылар сайысы өтті

Түркістан облысында Жетісай қаласындағы «№119» жалпы орта мектебінде Республикалық зорлық-зомбылықсыз 16 күн акциясы аясында жас отбасылар арасында «Толағай» сайысы болып өтті, деп хабарлайды осы өңірдегі ERNUR.KZ тілшісі.

Жетісай қаласындағы «№119» жалпы орта мектебінде өткен «Толағай» спорттық отбасылық сайысына алты отбасы қатысты.

Жас отбасылардың сайысына арнайы қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдіғаппар Исаев пен аудандық әжелер алқасының төрайымы Айжамал Қоңырбаевалар жастарға отбасы құндылықтары мен ұрпақтар сабақтастығы жайында ғибратты әңгімелерін айтып, ақыл-кеңестерін берді. Қатысушыларды алдағы келе жатқан «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні» мерекесімен құттықтап, сәттілік тіледі.

«Біз үлгілі отбасымыз» айдарымен өткен жас отбасылардың арасындағы байқаудың өтуіне аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мемлекеттік мекемесі мен Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімі белсене атсалысып, демеушілік жасады.

Спортпен үнемі айналысып, ұрпағының қамын ойлаған адам қоғамның белсенді мүшесі болмақ.Салауатты өмір салтын ұстанған жас отбасылар арасындағы сайыста жеңіске жетіп, ептілік танытқан «Қыран» тобы жүлделі І орынды иеленсе, ІІ орын «Бәйтерек» тобына бұйырды. Ал, «Толағай» тобы ІІІ орынға ие болып, арнайы дипломдармен, ұйымдастырушылардың бағалы сыйлықтарымен марапатталды.