Жетісайдағы балық аулау сайысында жеңімпаздардың қармағына 3 ірі балық ілінген

0
3 310

Шардара су қоймасында өткен сайыста алғашқы балық 20 қазан күнгі түнгі сағат 22:00-дер шамасында қармаққа ілінген.


Жетісайдағы балық аулау сайысында жеңімпаздардың қармағына 3 ірі балық ілінген

Жетісай ауданында «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен әуесқойлар арасында 2 күндік балық аулау сайысы өз мәресіне жетті. Жарысқа Түркістан облысының түкпір-түкпірінен 30-ға жуық команда мен 100-ге жуық балықшы қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шардара су қоймасының жағалауында өткен балықшылар сайысы өте тартысты өтті. Ауа-райы қолайлы болғанымен қармаққа балық аз ілінді. Мамандар бұған күннің бірден суығаны себеп болды деп отыр. Соған қарамастан командалар 24 сағат бойы жарыстың көркін қыздырды. Алғашқы балық 20 қазан күнгі түнгі сағат 22:00-дер шамасында қармаққа ілінді. Бұл жолы аудандық білім бөлімінің қызметкерлерінен жасақталған «Батыл» командасы алғашқы балықты ұстаған болатын.

Екі күндік жарыстың қорытындысымен бірінші орынды «Нұрлы әлем» командасы қанжығасына байлады. Таңғы 5-тер шамасында 3 ірі балық ұстаған командаға балық аулау құралдары мен 30 мың теңге табыс етілді. Екінші орынды аудандық білім бөлімінің қызметкерлерінен жасақталған «Батыл» командасы иеленді. Жүлдегер командаға 25 мың теңге мен аулауға қажетті құрал-саймандар табысталды. Ал үшінші орынды сарыағаштық «Алтын балық» командасына бұйырды. Бұл командаға 20 мың теңге мен құрал-сайман табыс етілді.

Айта кетейік, аталған жарысқа «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысының Жетісай аудандық бөлімінің басшысы Алладин Мырзаханов 100 мың теңге көлемінде қаржылай демеушілік жасады. Тартысты өткен жарыс алдағы жылдары да өз жалғасын табатын болады.