Жетісайға барғандарда арман жоқ, бармағанда арман көп (Фоторепортаж)

0
5 686

Жалпы республикада қауынның 200-ге жуық түрі бар. Түркістан облысында 100-ге тарта қауын түрі өседі.


Жетісайға барғандарда арман жоқ, бармағанда арман көп (Фоторепортаж)

Апта бойына Түркістан облысына қарасты Жетісай, Мақтаарал аудандары күллі республика жұртшылығының көзайымына айналды. Жерге себілген әрбір тұқым мен өсіп шыққан бау-бақша өнімін диқаншы қауым баласындай мәпелеп нарыққа шығарды. Ендігіде бейнеті бес батпан ауылдастың аптап күн мен аңызғақ жел тотықтырған жүзінен қуаныштың белгісі менмұндалайды.

Онан да бетер сүйіншілер жаңалығы туған өлкесінде өздері еккен өнімнен тұңғыш рет фестиваль өтіп жатқаны.

Бұл Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен аудандарда өтіп жатқан іс-шаралардың бір парасы ғана. Өлкенің өзіне ғана тән мүмкіндіктерін қырағылықпен көре білген өңір басшысының бұл бастамасы жыл соңына дейін әлі жалғасын таппақ.

Ал, мынау «Қауын фэст» тойы сол өміршең жобалардың жемісі деуге толық негіз бар.

Даңқы күллі республикаға мәшһүр Мырзашөл өңірінде биыл диқандардың маңдай тері өтелгендей. Оған дәлел, 32,5 мың гектарға егілген қауын мен 28,5 мың гектар аумаққа салынған қарбыз өнімі.

Таңмен таласа қауын алқабының басында қайнаған қыз-қыз саудаға тап болдық. Трактор тіркемесіне қауын артқан ауыл жастарының қатары көп.

Нұрлан аға қауын шаруашылығымен айналысып келе жатқандығына біраз жылдың жүзі болған. Алайда, диқан бау-бақша өнімдерінің құнына көңілі толмайтындығын айтады. Себебі, бір тіркеме қауынның қауындықтың басындағы бағасы небәрі 50 мың теңгедей ғана. Мәселен, бір тіркеме қауынның салмағы 3 тоннадай болса, бір келі қауын 15-16 теңгеден аспайды да.

Айтуынша жаз басында түрлі химикаттар арқылы пісірілген бау-бақша өнімдерінің құны жоғары да, жаздың соңғы айларында баға бірден «құлап» кетеді екен.

Жергілікті билік баға тұрақтылығын ұстап тұрса, еңбегіміздің өтеуі ақталар еді дейді қауыншы қауымы.

Мырзашөл өңірінде Жетісай мен Мақтаарал қауын-қарбыз өсіруде республикада көшбасшы. Аудандағы ауа-райы бақша дақылын өсіруге тиімді. Осыны ескерген өңір басшысы Жансейіт Түймебаев Мырзашөл өңірінде «Қауын фэст» фестивалін ұйымдастыруды Жетісай ауданы әкімдігіне тапсырған болатын. Биыл тұңғыш рет өткізілген шара жоғары деңгейде дейді қатысушылар.

Бұл фестивальге аталған аудандардан бөлек, облыстың өзге қала, аудандарынан қауын-қарбыз егумен айналысатын шаруалар жиналды.

Қауындар арнайы қағаз қораптарға салынып Ресей мен Еуропа елдеріне эскпортталуда.

Жалпы республикада қауынның 200-ге жуық түрі бар. Түркістан облысында 100-ге тарта қауын түрі өседі. Ал, өнімді атыз басынан үзудің де ережелері бар. Қауынды күн төбеге көтерілген соң жинаса, оның дәмі де онша емес, өзі борпылдақ болады дейді мамандар.

Түркістан облысының диқандары осы жылдың 7 айында Ресей, Беларусь Республикасы, Латвия, Германия сынды елдерге 80 мың тоннадан астам қауын мен қарбыз экспорттады. Соның ішінде Ресей мемлекетінің нарығына 60 мың тоннадан астам бақша дақылы шығарылған.

Қауын сорттары мен түрлеріне қарай әңгелек, әміре, т.б. топтарға бөлінеді. Қауынды тіліп кептіріп қауынқақ жасайды, қауынқұрт қайнатады, тосап, мармелад дайындайды.

Қазақстанның оңтүстігіндегі суармалы жерлерде гектарынан 300 – 400 ц өнім алынады.

Биыл түркістандық шаруалар жалпы 61,4 мың гектар жерге қауын мен қарбыз еккен. Оның ішінде бақша дақылдарын жинаудан жыл сайын рекордтық көрсеткішке қол жеткізетін Жетісай мен Мақтаарал аудандарында 19 500 гектарға қауын, 7 564 гектарға қарбыз егілген.

Мақтарал ауданының тұрғыны Артық Ақтөреев Мырзашөлдің қауындарын Германияның Штутгарт қаласына сатуда. Шаруаға бастапқыда күнгей өлкеден Германияға көшіп барған азаматтар көмектескен. Шаруашылық бүгінде немістің «Луганово» фирмасымен келісімге отырған. Қауындарды онда жеткізу үшін мұздатқышы бар шетелдік көліктерді жалдайды. «Торпедо» атты қауынын немістер 1 еуродан сатып алады екен. Ал дүкендеріндегі сатылу бағасы 1.79 еуро.

Облыс диқандары өткен жылы 1250 мың тонна бақша өнімдерін өндірсе, биыл 1330 тонна өнім жиналған. Ол өткен жылмен салыстырғанда 80 мың тоннаға артқан. Оның 771, 4 мың тоннасы қауын болса, 558,6 мың тоннасы -- қарбыз. Гектар түсімі 220 центнерді құраған.

Республикада өсірілген қауын-қарбыздың 65 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Мақтаға қарағанда бақша өнімдерінен түскен табыс 5 есеге көп. Облыста өндірілген бақшаның 44 пайызы Мақтаарал мен Жетісай аудандарынының үлесінде. Дегенмен, аталған дақылдардың өнімін қайта өңдеу кәсіпорындары аз. Оның үстіне бүгінде қауынқақ, қауынқұрт әзірлеу секілді далалық әдіс-тәсілдер ұмыт болып бара жатыр.

Бұл фестивалге аталған аудандарынан бөлек, облыстың өзге қала, аудандарынан қауын-қарбыз егумен айналысатын шаруалар жиналды. Олар қауынның 27 түрінен 30 тонна көлемінде қауын әкелді. Фестиваль барысында келушілерге карвинг және қауын-қарбыз көрмесі ұсынылды. Шараға Жетісай ауданының 9 ауыл округі әкімдігі мен облыстың 8 аудан, қалаларынан бақша дақылдарын өсіретін ірі шаруа қожалықтары шақырылған.

Сондай-ақ, шара аясында тосап дайындаушылар сайысы, «Ең үлкен қауын», «Ең дәмді қарбыз», «Ең тәтті тосап», «Ең үздік бақша өнімдерін ұсынған ауыл әкімдігі» атты номинациялар бойынша жарыстар ұйымдастырып, бас жүлдеге «темір тұлпар» тарту етті.

Диқан тойында қауын-қарбыз жеуден түрлі сайыстар ұйымдастырылып, нәтижесінде қатысушылар құшаққа сыймайтын ірі қарбыз-қауынды жеуден жарыстып елді тамсандырды.

Түркістан облысы әкімдігінің тікелей бастамасымен əрі қолдауымен Мақтаарал және Жетісай ауданы әкімдіктері бірлесіп ұйымдастырған "Қауын fest" фестивалінің көздегені - бақша дақылдарынан өндірілетін өнім түрлерін көбейтіп, кәсіпкерлікті дамыту, бақша өнімдерін, терең өңдеуді қолға алу және диқандардың өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасау.

Еңбекші қауымның еңсесін көтеруге бағытталған фестивальдің ашылу салтанатында Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдің ауыл шаруашылығы саласының потенциялы жоғары екеніне тоқталды.

Жансейіт Түймебаев, Түркістан облысының әкімі:

Біз бақша өнімдерін терең өңдеу саласына мән бергеніміз жөн. Осы мақсатта қауын мен қарбыздың отаны саналатын Жетісай және Мақтаарал аудандарында бақша өнімдерін терең өңдеумен айналасытын шағын кәсіпорындар мен цехтарды іске қосуымыз қажет. 2018 жылы Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылатын жобалар мен іс-шаралар қайта қаралып, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға негізделген болатын. Соның нәтижесінде биылдан бастап облыстың әр аймағында ауқымды шара өткізу және оларды дәстүрге айналдыру қолға алынды. Бүгінгі облыс тарихында тұңғыш рет өткізіліп отырған «Қауын fest» облыстық фестивалі сол игі бастамалардың жалғасы. Алдағы уақытта жыл сайын тамыз айында «Қауын fest» фестивалін, «Қауынғақ», «Қауында да қауын бар», «Қарбызды Оңтүстікте дарбыз дейді» сияқты байқаулар мен жәрмеңкелер ұйымдастырамыз.

Биылғы фестиваль не берді?

Әрине, ішкі туризмді дамыту мен өңірдегі бау-бақша өнімдерін қадірін арттыруға, қолда бардың бағасын білуге бағыт-бағдар сілтегендей. Сосын, ел ішінде ұмыт болып бара жатқан кәсіптерді қайта жандандыруға септігін тигізеді деуге болады.

Арнайы ERNUR.KZ үшін

Жетісай қаласынан