​Аспашамдарды жылдам және оңай тазарту жолдары

0
1 340

Аспалы шамды сүртудің тәртібі бар.


​Аспашамдарды жылдам және оңай тазарту жолдары

Аспалы шамдардың қазіргі кезде әртүрлі материалдан жасалған сан алуан түрлерін кездестіруге болады. Үйге ерекше сән мен жарық беретін аспалы шамдар шаң басса, жарық беруі азаяды. Ал оларды тазарту ең қиын шаруалардың бірі. Алайда оны орнынан алмай-ақ жылдам тазартуға болады.


Аспалы шамды сүртудің тәртібі

Шамдарды сүрту көп уақыт пен күшті қажет етпеуі үшін бірнеше қарапайым ережені орындау жеткілікті.

  • Ең алдымен аспалы шамды тоқ көзінен ажырату керек және барлық бөлшектері толық кеуіп болмай қайта қоспаған дұрыс. Бұл тұйықталудың болуынан сақтайды.
  • Аспалы шамды тазартатын кезде астына қалың жамылғы секілді нәрсе төсеу керек. Бұл абайсызда қолдан түсіп кеткен бөлшектердің сынуынан, жоғалуынан сақтайды.
  • Егер аспалы шамның салпыншақтары немесе ұсақ бөлшектері көп болса, онда оны шешіп алардан алдын фотоға немесе видеоға түсіріп алыңыз. Кейін қайта жинау оңай болады.
  • Шамды резеңке қолғаппен шешу қажет. Сол кезде онда майлы дақ іздері қалмайды және сырғымайды. Ұсақ бөлшектерін де резеңке қолғаппен жуған жөн.


Немен жууға болады және болмайды

Негізі дүкендерде аспалы шамды жууға арналған арнайы құралдар бар. Алайда ол кейбір жандардың қалтасына артық шығын болуы мүмкін. Дәл сол тазартқыштардан кем түспейтін құралды үйде өзіңіз-ақ жасап ала аласыз.


Мүсәтір ерітіндісі

Мұндай тазартқышты дайындау үшін1 литр суға 35мл мүсәтір ерітіндісін араластыру керек. Аспалы шамды осы қоспамен жуып, кептіріп, артынан жылтырағанша сүрту керек. Мүсәтірдің өткір иісі болғандықтан жұмыс жасағанда терезелерді ашып қойған дұрыс.


Тұз бен сіркесу ерітіндісі

Бұл ерітінді де аспалы шамды өте жақсы тазартады. Ол үшін 1 литр жылы суға жарты ас қасық тұз бен 1 ас қасық сіркесу қосады. Толық ерігенше жақсылап араластырады.


Сабын ерітіндісі

Әмбебап тазартқыштардың бірі – сабын ерітіндісі. Оны дайындау үшін ыдыс жууға арналған сұйықтық немесе сабынды пайдалануға болады. Егер сабынды пайдаланатын болсаңыз, онда, 1 литр суға 1 ас қасық жаңқаланған сабын, 1 ас қасық ұнтақ саламыз. Жақсылап араластырып, көпіршіту керек.

Маңызды: Сабынның құрамындағы заттар аспалы шамда айғыз қалдыруы мүмкін. Бірақ бірнеше мәрте таза сумен шайып, артынан сіркесудың әлсіз ерітіндісімен сүртіп алсаңыз жарқырап шыға келеді.


Аспалы шамдарды тазалағанда қолдануға болмайтын заттар

  • Иодталған тұз қосуға болмайды. Ол заттарда қақ тұрғызады.
  • Құрамында хлор бар химиялық заттар.
  • Қыруға арналған заттарды пайдаланбаған жөн.

Әр аспалы шам жасалған материалына қарай әртүрлі тазартылады


Шыны аспашамды тазалау

Мұндай шамдарды арнайы жуу құралдарымен немесе тек қана мүсәтір, тұзды-сіркесу ерітіндісімен ғана сүрту керек. Шыбыннан қалған дақтарды спиртпен, ылғалды сулықпен тез тазартуға болады.

Шыны беті сызылатын болғандықтан қырнайтын кез келген затты пайдаланбаған жөн. Сабын ерітіндісі із қалдыратын болғандықтан бірнеше қайтара сүртуге тура келеді. бұл артық уақыт пен күшті қажет етеді.


Хрустальді аспалы шамды тазарту

Хурсталь – мұқият тазартуды қажет ететін материал. Сондықтан оны тазартқан кезде жуатын судың ыстық болмағаны жөн. Егер ыстық болса хрусталь бетінде майда сызаттар пайда болып, көмескі тартады. Қымбат хрустальді жууып тазартпай-ақ құрғақ шүберекпен сүртіп алған дұрыс.


Мата аспалы шам

Матадан жасалған аспалы шамды көп ретте шаңсорғышпен тазартып алу ұсынылады. Ол үшін шаңсорғыштың жұмсақ жиһазды тазартуға арналған қондырмасын пайдалану керек және ең баяу деңгейіне қойыңыз.

Сондай-ақ мата аспалы шамдарды шаш кептіргішпен (фен) де тазартуға болады. Ол үшін шаш кептіргішті қосып бар шаңды үрлейсіз. Қалған шаңды киім тазалауға арналған білікшемен (валик) тазартып аласыз.


Пластик

Сабынды сумен жылдам кетеді. Уақыт өте ақ түсті пластиктер сарғая түседі. Сарғайған жерді сутекасқын тотығы немесе этил спиртімен сүртетін болсаңыз, қайта бұрынғы түсіне енеді.


Ағаш

Ағаш бөлшектер ылғалды көтермейді. Мұндай аспалы шамдарды шамалы ылғалды шүберекпен сүртіп алу жеткілікті. Сабынды сумен сүртудің қажеті жоқ. Ол ағаш бетін күңгірттендіріп жібереді.


Қағаз

Әрине қағаз аспалы шамды ылғалды шүберекпен сүрте алмайтыныңыз белгілі. Сондықтан оны тек құрғақ шүберекпен сүртіп аласыз немесе қалыңдау қағаздан болса шаңсорғышты ең төменгі деңгейіне қойып тазартасыз. Негізі қағаз аспалы шамын тазарту оңай болуы үшін арнайы лакпен өңдеген дұрыс. Мұндай лактар сеппе түрінде сатылады. Тек мұны жаңа немесе мұқият тазартылған аспалы шамға ғана себу керек. Кейін оны ылғалды шүберекпен сүртіп ала бересіз.


Темір

Темір аспалы шамдар оңай тазартылады. Оны тазартуға арналған ерітіндіге малынған шүберекпен сүртіп алу жеткілікті. Тек, боялған металды сабынды ерітіндімен, ал латунь мен мысты мүсәтір спиртімен сүрту керек. Ал, қоланы тіске арналған ұнтақ пен су және мүсәтір қосындысымен тазартқан дұрыс.



Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.