Терезе жуатын роботты қалай таңдау керек?
Сурет: ЖИ
Терезені қолмен жуу көп уақытты қажет ететін әрі кейде қауіпті жұмыс. Әсіресе биік қабатта тұратындар үшін терезенің сыртқы бетін тазалау оңай емес. Мұндай жағдайда арнайы гаджет – терезе жуатын робот көмектесе алады.
Қазір сатылымда оның түрі көп. Қайсысын таңдаған дұрыс? Сатып алмас бұрын қандай ерекшеліктеріне мән берген жөн? Осы сұрақтарға жауап берейік.
Қалай жұмыс істейді?
Терезе жуатын робот – шыны әйнек бетін тазалауға арналған шағын құрылғы. Көбіне пішіні сопақ немесе төртбұрышты болады. Терезеге тиіп тұратын бөлігінде микрофибрадан жасалған арнайы майлықтар орналасады. Ал басқару батырмалары құрылғының сыртқы жағында болады.
Кейбір модельдерді пультпен, ал заманауи түрлерін телефондағы арнайы қосымша арқылы басқаруға болады.
Робот әйнекке вакуумдық сорғыш немесе магнит арқылы бекітіледі. Содан кейін әйнектің бетімен өздігінен қозғалып, кірді сүртіп шығады. Осылайша қол жетпейтін жерлерді де тазалауға мүмкіндік береді. Мысалы, биік терезелерді, сыртқа ашылмайтын әйнектерді немесе үлкен витриналарды тазалағанда мұндай құрылғы өте ыңғайлы.
Кейбір роботтарды тек терезеге емес, басқа да тегіс беттерге қолдануға болады. Мысалы:
- әйнек есіктерге;
- айналарға;
- ваннадағы кафельге;
- асүйдегі жылтыр қабырға жабындысына.
Қалай таңдау керек?
Сырттай қарағанда барлық роботтың жұмысы бірдей сияқты: әйнекке бекінеді де, оның бетімен қозғалып, кірді сүртеді. Бірақ олардың бекітілу тәсілі, пішіні, қуаты және жұмыс режимдері әртүрлі. Сондықтан робот таңдағанда бірнеше маңызды ерекшелікке назар аударған жөн.
Әйнекке бекітілуі
Негізінен терезе жуатын роботтардың вакуумдық және магниттік аталатын екі түрі бар.
Вакуумдық роботтар әйнекке арнайы сорғыш арқылы жабысады. Мұндай модельді терезеге, айнаға және басқа да тегіс беттерге қолдануға болады. Олардың артықшылығы – көп жағдайда қолдануға ыңғайлы және арнайы дайындауды қажет етпейді. Бірақ бір кемшілігі бар: вакуумдық сорғыш үздіксіз жұмыс істеуі үшін электр қуаты керек. Сондықтан мұндай роботтардың көбі электр желісіне қосылып жұмыс істейді.
Магниттік роботтар екі бөліктен тұрады. Бір бөлігі әйнектің сыртында, екіншісі ішкі жағында орналасады. Екі бөлік бір-біріне магнит арқылы тартылып, әйнекті екі жағынан қатар тазалай алады. Мұндай құрылғылар электр қуатын аз қажет ететіндіктен, сымсыз нұсқалары да кездеседі. Алайда магнитті роботтардың өзіндік шектеуі бар. Олар әйнектің қалыңдығына сезімтал. Егер терезе әйнегі тым қалың болса, робот дұрыс бекімеуі мүмкін. Тағы бір маңызды нәрсе, магниттік роботтарды бір ғана жағынан тазалау керек беттерде қолдану қиын. Мысалы, кафель қабырғасына мұндай құрылғы жарамайды.
Пішіні мен көлемі
Терезе жуатын роботтар көбіне сопақ және төртбұрышты болып келеді. Сопақ роботтар әдетте ықшам болады. Кейбір модельдер айналатын дискілер арқылы әйнекті жақсы жылтыратады және дақтарды жақсы кетіреді. Бірақ олардың кемшілігі – бұрыштарға толық жете алмауы. Сондықтан терезенің бұрыштарын кейін қолмен сүртуге тура келеді.
Төртбұрышты роботтар әйнектің шеттері мен бұрыштарына жақсырақ жақындайды. Олар белгіленген бағытпен қозғалады. Дегенмен кейбір модельдер қатты кірді немесе дақтарды бірден кетіре алмайды. Кейде әйнекте із қалуы мүмкін.
Үшбұрышты роботтар да кездеседі, бірақ олар сиректеу шығарылады. Мұндай пішін терезенің бұрыштары мен жиектерін тазалауға ыңғайлы. Дегенмен үшбұрышты роботтың өзі де барлық қиын жерді мінсіз тазалай алмайды. Кейбір бөліктерді қолмен сүрту қажет болады.
Жұмыс режимі
Көптеген роботта автоматты және қолмен басқару режимі болады. Автоматты режимде құрылғыны іске қоссаңыз болғаны, ол терезенің бетімен өзі қозғалып, тазалай бастайды. Ал қолмен басқару кезінде роботты пульт арқылы өзіңіз бағыттайсыз. Бұл адамның тазалауға көбірек араласуын талап етеді, бірақ кей жағдайда әйнекті жылдамырақ әрі жақсырақ тазалауға мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды ерекшелік – су мен тазартқыш құралды қолдану тәсілі. Қымбат әрі заманауи модельдердің кейбірінде арнайы сұйықтыққа арналған шағын ыдыс болады. Робот қажет болған кезде әйнекке сұйықтықты өзі шашады.
Қарапайым модельдерде мұндай мүмкіндік жоқ. Мұндай жағдайда майлықты алдын ала өзіңіз сулап, қажет болған сайын ауыстырып отырасыз.
Басқару тәсілі
Көптеген модельді құрылғының өзіндегі батырмалар немесе пульт арқылы басқаруға болады. Бұл күнделікті қолдануға жеткілікті. Ал жетілдірілген модельдерді телефондағы арнайы қосымшаға қосуға болады. Қосымша арқылы жұмыс режимін таңдап, роботтың жұмысын бақылауға және хабарламалар алуға мүмкіндік бар. Бұл әсіресе терезесі көп немесе үлкен үйде тұратын адамдарға ыңғайлы. Роботты іске қосып, өзге шаруаларыңызбен айналыса аласыз.
Бірақ мұнда бір мәселе бар: құрылғыны телефонға немесе интернетке қосуда қиындық туындауы мүмкін. Мысалы, интернет нашар ұстайтын саяжайда немесе лоджияда қолданғанда бұл қолайсыздық тудыруы ықтимал.
Қуаты
Қуат тазалау сапасына ғана емес, роботтың әйнекке қаншалықты жақсы бекінетініне де әсер етеді. Әсіресе вакуумдық модельдер үшін бұл маңызды. Сору күші жоғары болған сайын робот әйнекке сенімдірек жабысады. Көптеген модельдің қуаты шамамен 70–80 Вт болады. Бұл күнделікті шаң мен жеңіл кірді тазалауға жеткілікті. Ал әйнекте қатып қалған кір сияқты күрделірек ластану болса, қуаты 90 Вт немесе одан жоғары модельдерге назар аударуға болады.
Навигациясы және «ақылды» мүмкіндіктері
Қарапайым роботтар әйнек бетімен алдын ала белгіленген бағыт бойынша қозғалады. Сондықтан кейбір жерлерді өткізіп алуы мүмкін. Егер роботтың жұмысын бақылап, қажет болса қайта іске қосуға дайын болсаңыз, мұндай модель де жарайды. Ал заманауи роботтарда арнайы датчиктер мен қозғалысты басқару жүйелері болады. Олар терезенің шетін анықтап, жақтаулар мен кедергілерді айналып өте алады. Кейбір модельдер қозғалған бағытын есте сақтап, жұмысын аяқтаған соң бастапқы орнына қайтып келеді. Мұндай функциялар үлкен әрі көп терезелі үйде өте ыңғайлы.
Аккумуляторы бар ма?
Робот электр желісіне қосылып жұмыс істесе де, ішінде аккумулятор болғаны дұрыс. Бұл қауіпсіздік үшін қажет. Егер кенеттен жарық сөніп қалса, робот бірден әйнектен құлап кетпей, біраз уақыт бойы ұсталып тұрады. Сонымен қатар сымның ұзындығына да мән беріңіз. Сымның ұзындығы кемінде 4 метр болғаны ыңғайлы. Егер терезелер үлкен немесе розетка алыста орналасса, қысқа сым жұмысты қиындатады.
Жинақта қандай керек-жарақтар бар?
Әдетте роботпен бірге мына заттар беріледі:
- роботтың құлап кетуіне жол бермейтін қауіпсіздік тросы;
- бірнеше ауыстырмалы микрофибра майлық;
- пульт;
- кейде су немесе тазартқыш сұйықтыққа арналған құтылар мен бүріккіштер.
Жинақ неғұрлым толық болса, кейін қосымша заттарды аз сатып аласыз. Әсіресе қосымша майлықтардың жеткілікті болғаны маңызды, себебі оларды тазалау кезінде үнемі ауыстырып отыру керек.
Сатып алмас бұрын тағы нені білу керек?
Терезе жуатын роботтар үй шаруасын едәуір жеңілдетеді. Әсіресе терезесі көп, әйнек алаңы үлкен үйлерде оның пайдасы бар. Роботты тұрақты түрде қолдансаңыз, ол шаңды және жеңіл кірді жақсы тазалайды. Мысалы, бірнеше апта сайын іске қосып тұрсаңыз, терезені таза ұстау оңайырақ болады. Тағы бір артықшылығы, биік қабаттарда қауіпсіздеу.
Бірақ роботтың да мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан оны сатып алмас бұрын мына ерекшеліктерді ескеріңіз.
Жұмыс кезінде шу шығаруы мүмкін
Вакуумдық модельдердің көпшілігі жұмыс кезінде тұрақты гуіл шығарады. Шамамен 50 дБ деңгейіндегі дыбыс қатты емес, қайнап жатқан шәйнектің дыбысына ұқсайды. Ал 70 дБ шамасындағы дыбыс шаңсорғыштың даусына жақынырақ, сондықтан кей адамға кедергі болуы мүмкін.
Қатты кірді бірден кетіре алмайды
Қатып қалған кір, құс саңғырығы немесе әк дақтары сияқты ластануды робот бірден кетірмеуі мүмкін. Мұндай жағдайда алдымен қатты кірді қолмен жібітіп, тазалап алған дұрыс. Немесе роботты бірнеше рет жүргізуге тура келеді.
Барлық терезеге бірдей жарамайды
Роботтың дұрыс жұмыс істеуі үшін әйнектің беті жеткілікті үлкен әрі тегіс болуы керек. Өте кішкентай терезелерде, тар жерлерде немесе пішіні күрделі әйнектерде құрылғы дұрыс бекімеуі немесе қозғала алмауы мүмкін.
Бұрыштар мен жиектерді қолмен тазалау қажет болуы мүмкін
Тіпті ең жақсы роботтың өзі терезенің барлық бұрышын мінсіз тазалай бермейді. Әсіресе жақтауға жақын жерлер мен бұрыштарда кір қалып қоюы мүмкін. Сондықтан кейбір жерлерді қолмен сүртуге дайын болған жөн. Сондай-ақ роботты жақтауы жоқ бетке қолданғанда абай болу керек. Мысалы, айнада құрылғының шетке шығып кету қаупі болуы мүмкін.
Терезе жуатын робот күнделікті жиналатын шаң мен жеңіл кірді тазалап, үйдегі жұмысты айтарлықтай жеңілдетеді. Егер үйіңізде үлкен немесе биік терезелер көп болса, мұндай гаджет уақытты үнемдеуге үлес қосады.
Х. ОРАЛ,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


