Өшіргіш, сабын немесе ыдыс жуатын сұйық болса жеткілікті.
Бүгінде заманауи үлгіде салынған көптеген үйлерден керме-төбелерді ("натяжной потолок") көптеп көруге болады. Ол сәнді әрі басқа да себеппен аз да тұрмайды. Алайда әр дүниенің өзінің кірлейтін, шаң-тозаң басатын, оны тазартатын уақыты келеді.
Көктем келіп, күн жылына салысымен қыз-келіншектердің үй мен айналаны тазартып, бәрін бір қағып алатын кезі келеді. Осындайда бір нәрсені бүлдіріп алмай үй ішіндегі заманауи материалдарды қалай тазартуға болатынын білген артық болмайды. "Үй-тұрмыс" айдары керме-төбелерді қалайша оңай әрі бүлдіріп алмай, арнайы мамандардың көмегінсіз-ақ мұқият тазартуға болатыны жөнінде кеңестер ұсынады.
Өшіргіш көмектеседі
Егер төбе жылтыр емес (матовый) материалдан жасалған болса, ондағы дақтар мен қатты кірлерді кетіруге кәдімгі өшіргіш көмектеседі. Дақ тиген жерлерді жұмсақ өшіргішпен ақырындап өшіру керек, күш салып тесіп алмаңыз. Артынан құрғақ жұмсақ шүберекпен мұқият сүртіп алу қажет.
Су қосылған спирт
Егер үйде арнайы тазартқыш құралы болмаса, онда оны оп-оңай қолдан жасап алуға болады. Ол үшін 1 литр жылы суға 1 ас қасық спирт/ішімдік араластырып алу керек. Дайын болған суға жұмсақ шүберекті салып, жақсылап сығып керме төбені тазартып шыға аласыз. Спирт қосылған судан соң сүрткен жерлерде ешқандай айғыз қалмайды.
Ескеру: керме төбелерді тазарту кезінде құрамында ацетон немесе жермай (керосин) қоспалары бар және қатты щетка, қырғыш секілді заттарды пайдалануға болмайды.
Ыдыс жууға арналған сұйықтықпен тазарту
Егер керме-төбе асүйге орнатылған болса, онда ол жердің төбесі айтарлықтай кірлейді деген сөз. Себебі, ас дайындаған кезде майлы ыс төбеге жиналып-ақ қалады. Ол жердегі төбені тазарту үшін, ыдыс жуатын сұйықтықтың 1 шай қасығын 1л жылы суға салып әбден шайқап көпірту қажет. Себебі, төбедегі кір сол көбікпен тазартылады, астындағы суымен емес. Сорғышпен (губка) көбікті алып төбені қатты баспай, ысқылымай мұқият сүртеміз. Артынан таза әрі жұмсақ шүберекті жылы суға малып, қатты сығып сүртіп шығамыз. Содан кейін суын қағаз сулықтармен (салфетка) сорғытып алу керек.
Тек төбені тазаламас бұрын қолдағы сақина, сағат, білезік секілді өткір заттарды алып тастауды ұмытпаған жөн!
Сабын ерітіндісі
Бұл керме-төбелерді тазартудың ең арзан жолы. Ол үшін жылы суға, сұйық сабын немесе кірсабын ерітіндісі араластырып, көпірту керек. Екеуі де жоқ болса әтірсабын да жарай береді. Сабынды көпіршік пайда болған соң сорғышты көпіршікке батырып төбені сүрту қажет.
Әйнек тазартуға арналған сұйық
Әйнек тазартқыш құралының ішінде керме-төбе үшін пайдасы - оның құрамындағы спирті. Мұндай құралмен жылтыр (глянцевый) төбелер жақсы тазартылады.
Матадан жасалған керме-төбелерді тазарту
Мата төбелерді жылтыр төбеге (глянцевый) қарағанда тазартудың басты айырмасы - шаңсорғышпен тазартуға болатынында. Сондай-ақ жылтыр төбені тазартуға арналған барлық әдісті жасауға болады. Тек тазарту кезінде шүберекті айналдыра емес, керісінше бір бағытта жүргізіп, тазалау керек.
Тағы оқыңыз: Қапта өсірген КАРТОП екі есе ӨНІМ береді
ОРХИДЕЯНЫ үйде өсіргісі келетіндер үшін ҮШ КЕҢЕС
Дайындаған: Эльмира Базарбаева,